Былтыр ағымдағы шот тапшылығы 12,5 млрд долларға дейін ұлғайды - ҰБ

АСТАНА. KAZINFORM – Былтыр ағымдағы шот тапшылығы 12,5 млрд долларға дейін ұлғайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев айтты.

Фото: Коллаж: Canva \ Kazinform

- Ағымдағы шот тапшылығы сауда балансы профицитінің кемуіне байланысты 2024 жылғы 6,8 млрд доллардан былтыр 12,5 млрд долларға дейін ұлғайды. Тауарлар мен қызметтер экспорты өткен жылдың деңгейінде сақталып, 90,1 млрд долларды құрады. Тауар экспортының төмендеуі қызмет экспортының өсуімен өтелді. Тауар мен қызмет импорты 80,3 млрд долларға дейін 9 пайызға өсті. Өсуге негізінен өнеркәсіп тауарларын сатып алу себеп болды, - деді Ерұлан Жамаубаев.

Оның дерегінше, кіріс балансының тапшылығы негізінен шикізат экспортының таза пайдасының төмендеуі есебінен 22,3 млрд долларға дейін 4 пайызға қысқарды.

- Осыған қарамастан бейрезиденттерге төленетін төлемнің көлемі жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл төлем балансына белгілі бір деңгейде тежеу болды, - деді ол.

Айта кетейік, биылғы бірінші тоқсанда жалпы ішкі өнім нақты 3 пайызға өсті.