«Бүгінгі таңда қалада қоғамдық көлікке деген сұраныс жоғары. Соңғы мәліметтер бойынша, тұрғындардың 48 пайызы қоғамдық көлікті күнделікті пайдаланады. Қала бойынша 96 маршрутта 1 367 автобус қызмет көрсетеді. Күн сайын қоғамдық көлік арқылы 600 мыңдай жолаушы тасымалдануда. Кестедегі автобустардың жүру уақытын қысқартуға байланысты қала бойынша 100,5 шақырым арнайы Bass-Line түзілген. Желідегі автобустарда 1 800-ге жуық жүргізуші жұмыс істейді. Жолаушылар үшін қала бойынша 1 400 аялдама жасақталған. Біздің жұмыстағы басты назар жолаушылардың орынды сұраныстарын ескере отырып, саланы белсенді дамытуға аударылады», - деді ол.
Компания басшысы ай сайын iKomek орталғына автобус қатынасына байланысты 6 мыңнан астам өтініш пен шағым түсетінін айтты.
«Қоғамдық көліктің жұмысы туралы тұрғындар тарапынан түсетін өтініштер мен шағымдарды күнделікті бақылап отырмыз. Ол үшін біздің тиісті қызметтеріміз бірнеше ақпарат көздері, есептік кездесулерде көтерілген мәселелер, кері байланыс тәсілдерін үнемі пайдаланып келеді. Әсіресе тұрғын үй алаптары, шағын аудандар мен қала маңындағы елді мекендердің белсенді тұрғындарымен әр түрлі байланыс жүйесі жолға қойылған.
iKomek орталығы жолаушылар тасымалы қызметінің сапасын қадағалайды. Ай сайын орталыққа қоғамдық көлікпен байланысты 6 мыңнан астам өтініш түседі. Оның негізгі бөлігі автобустардың жүру кестесін сақтамауы туралы – 51 пайыз. Сондай-ақ автобус маршруттарының жүру сызбасын өзгерту, қоғамдық көліктегі жұмысты жақсарту туралы шағымдар түседі – 12 пайыз. Қызметкерлеріміздің немесе жүргізушілердің әрекетіне қатысты шағым-өтініштер 6,5 пайызды құрайды.
Жалпы 2023 жылы iKomek орталығына қоғамдық көлікпен байланысты 55 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Осы түскен барлық өтініштер мен шағымдарға талдау жасалады», - деді Абат Шыныбеков.