Былтыр ел аумағына 2,5 млн «айфон» заңсыз әкелінген

Фото: Мемлекеттік кірістер комитеті

АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Досжан Мұсалиев мобильд байланыс құралдарын тіркеу ережесін енгізу не үшін қажет болғанын түсіндірді.

Оның сөзінше, елге әкелініп жатқан мобильді телефондардың 75%-ы заңсыз кіргізіледі.

- Бұлар салық пен тиісті кеден бажын төлемейді. Осы нарыққа толық жарық түсіру үшін осы тетікті ойлап таптық. Біздегі деректерге сүйенсек, 2024 жылы елге 1,5 миллиондай Apple компаниясының телефондары заң талабына сай әкелінген, - деді ол.

Айтуынша, заңсыз әкелінетін «айфон» саны бұдан әлдеқайда көп.

- Бұл санды кодтар туралы деректер базасымен салыстырып қарасақ, ел аумағында іске қосылған құрылғы саны 4 миллионға жуық. Сондықтан контрабандамен күреске бағытталған ереже енгіздік. Бұл салық түсімдерін тиісті көлемде алуға жол ашады, - деді Досжан Мұсалиев.

Бұған дейін АҚШ Президенті Дональд Трамптың жаңа тариф саясаты айфондарды қымбаттатуы мүмкін екенін жазған едік.