Былтыр елімізде 235 мың автокөлік сатылды
АСТАНА.KAZINFORM - 2025 жылы сатылған автокөліктердің арасында отандық өнімнің үлесі басым. Бұл жөнінде «Қазақстанның автокөлік одағы» ЗТБ президенті Анар Мақашева мәлімдеді.
— 2025 жылы елімізде 234 852 жаңа автокөлік сатылды. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда, 14,4%-ға жоғары. Демек, сұраныс жыл сайын артып келеді. Сондай-ақ Қазақстанда былтыр сатылған 235 мыңға жуық машинаның 69%-ы, яғни 162 мың данадан астамы — отандық өнім. Біздіңше, еліміздегі жаңа автокөлік саудасы 2026 жылы тағы 5%-ға өседі, — дейді маман.
Сондай-ақ оның айтуынша, қазақстандықтардың арасында жеңіл автокөлік алғанда, Қытай брендтерін таңдайтындар көп. Мәселен, былтыр 222 мыңнан астам жеңіл машина сатылса, соның 39%-ы, яғни 85,6 мың данасы — Қытай брендтері.
Еске салайық, бұған дейін еліміздегі жеңіл автокөліктердің 40%-дан астамы әбден ескіргенін жазғанбыз.