Былтыр ең көп турист демалған Қазақстандағы ТОП-5 курорттық өңір

Фото: Коллаж Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанның курорттық өңірлеріне 3,4 миллион турист келген. Бұль туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі мәлім етті. 

Қонақ үйлер мен орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 129 миллиард теңгеге жеткен. Назарларыңызға туристер арасында ең танымал бес демалыс өңірін ұсынамыз:

5-орын: Балқаш курорттық өңірі

Балқаш көлінің жағалауында орналасқан демалыс өңірі былтыр 9 айда 120 948 турист қабылдаған.

4-орын: Алакөл курорттық өңірі

Алакөл көлінің Абай облысындағы аумағына 125 621, Жетісу облысындағы бөлігіне 113 059 турист барған. Осылайша, бұл өңір еліміздің басты табиғи інжу-маржаны екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

3-орын: Щучье-Бурабай курорттық өңірі

Орманы, көлдері және курорттық кешендерімен әйгілі бұл өңір 275 295 саяхатшыны қабылдаған.

2-орын: Маңғыстау курорттық өңірі

Маңғыстаудың көрікті пейзаждары мен Каспий теңізінің жағалауында 325 013 турист демалған.

1-орын: Алматы тау кластері

Еліміздің ең тартымды курорттық өңірлер рейтингінде Алматы тау кластері көш бастап тұр. Өңірге 1 996 801 турист сапарлаған. Әсем тау пейзаждары мен таза ауасы өңірді белсенді және табиғат аясындағы демалысты ұнататындар үшін нағыз тартымды орынға айналдырды.

Еске сала кетейік, бұған дейін 6 млн ішкі турист және 224 млрд теңге кіріс Қазақстандағы туризмді нығайтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Қазақстанда туризмге салынған инвестиция көлемі 20,3%-ға артты.