Былтыр Каспий құбыр консорциумы 63,5 млн тонна мұнай тасымалдады

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылы Каспий құбыр консорциумы 63,5 млн тонна мұнай жеткізді. Оның көбі еліміздің өндірушілерінен келіп түскен. Бұл туралы Каспий құбыр консорциумының бас директоры Николай Горбань мәлім етті.

Фото: ОҚК

«2023 жылы рекордтық көлемде — 63,5 млн тонна мұнай жеткізілді. Оның ішінде 56 млн тоннасы — Қазақстаннан. Ерекше айтып өтетін сәттердің бірі — жылды ойдағыдай аяқтадық, жазатайым оқиғалар болған жоқ», — деді Николай Горбань орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар консорциум басшысы алдағы жоспарын бөлісті.

«Құбыр жүйесін жаңғырту және жетілдіру жұмысы жалғасып жатыр. Алдағы бірнеше жыл ішінде магистралды мұнай құбырының 400 километрге жуық желілік бөлігін алмастыру жоспарда бар. Өткен жылы желтоқсанда желілік бөліктің алғашқы 25 шақырымы алмастырылған болатын. 2026 жылы 2001 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мұнай шығарылатын 2 айлақ құрылғысын жаңалаймыз», — деді ол.