ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өткен жылы Өзбекстан шет мемлекеттерге 1,1 млрд доллардың жеміс-жидегі мен көкөністерін эспорттады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі Әлихан Асқар хабарлайды.
Өзбекстан статистика агенттігінің мәліметіне сай, былтыр бұл ел шетелдерге 1,7 млн тонна жеміс пен көкөніс жеткізген. Осылайша, 2022 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда экспорт көлемі 1,1 пайызға өсті.
Экспорттың ең үлкен үлесі Ресей ($437,4 млн), Пәкістан ($197,6 млн), Қытай ($144,9 млн) және Қазақстанға ($121,2 млн) тиесілі.
Айта кетейік, 2022 жылы еліміз Өзбекстаннан 216 млн доллардың жемісі мен көкөнісін импорттаған еді.
Еске салайық, былтыр 11 айда Өзбекстанның Қазақстанмен сыртқы сауда айналымы 4 млрд доллардан асқан еді.
Әлихан Асқар
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.