Былтыр Өзбекстандағы қазақ жазушыларының оннан астам кітабы жарық көрді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — 2025 жылы Өзбекстандағы бірқатар қазақ жазушысының кітабы жарық көрді. Бұл туралы Ташкентте өткен Қазақ әдебиеті кеңесінің есеп беру жиынында мәлім болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Өзбекстан Жазушылар одағына қарасты Қазақ әдебиеті кеңесінің жылды қорытындылау отырысына осы елдегі қазақ қаламгерлері, журналистер мен студенттер қатысты.
— Өткен жылы Өзбекстандағы қазақ жазушыларының оннан астам кітабы жарық көрді. Оның ішінде қаламгерлердің төл туындылары басым. Атап айтқанда, ғалым, әдебиеттанушы Қалдыбек Сейдановтың «Абай және Орта Азия әдебиеті» атты монографиялық еңбегі баспадан шықты. Сондай-ақ, ақын Замира Мұсаеваның балаларға арналған «Мөлдір болсын жүректер» кітабы оқырманға ұсынылды, — деді Қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы Тұрсынәлі Ахметов.
Жиналыста мәлім болғандай, былтыр «Өзбекстандағы қазақ ақындарының өлеңдер жинағы» еңбегі жарық көрді. Оған жазушы Наурызбай Жарбосынұлының, жас ақын Мейрамбек Әбдіқалиев пен Баршын Мырзабекқызының туындылары енді.
2025 жылы аударма бағытында да ілкімді іс атқарылған. Мәселен, Өзбекстанның Халық жазушысы Хайриддин Султановтың «Бақыт жағалауы» атты прозасы қазақ тіліне тәржімаланды.
— Бұл жұмыстар қазақ-өзбек әдеби байланыстарының жаңа деңгейге көтерілгенін айғақтайды, — деп мәлім етті Тұрсынәлі Ахметов.
Жалпы, жыл сайын Өзбекстанда біртуар қазақ жазушыларының мерейтойы аталып өтеді. Мәселен, былтыр Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы кең көлемде тойланды. Оның аясында әдеби кештер ұйымдастырылып, ғылыми-танымдық конференциялар өткізілді.
— Былтыр Абай Құнанбайұлының 38-ші қара сөзі түпнұсқа негізінде өзбек тіліне қайта аударылды. Оны әдебиеттанушы Баходир Карим тәржімалады. Мұнымен бірге, таяуда Өзбекстанның Халық ақыны Абдулла Ариповтың «Әділет шуағы» кітабы қазақ тіліне аударылып, баспадан шықты. Алдағы уақытта оның тұсаукесерін ұйымдастырамыз, — деді Қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы.
Сондай-ақ, биыл көршілес елде қазақ қаламгері Өмірзақ Қожамұратовтың 95 жылдық мерейтойы аталып өтеді. Бұған қоса, ақын Төлеген Айбергеновтің өлеңдерін насихаттауға арналған әдеби кештер ұйымдастыру жоспарланған.
Еске салайық, 2024 жылы Өзбекстандағы қазақ қаламгерлерінің 20-ға жуық кітабы жарыққа шыққан еді.