Былтыр өзбекстандық кеденшілер 2,8 тоннадан астам есірткі мен психотроптық заттарды тәркіледі

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – 2025 жылы өзбекстандық кеденшілер шекарадағы өткізу бекеттерінде 1,8 тоннадан астам есірткі мен 1 тоннадан көп психотроптық заттарды тәркіледі.

Бұл туралы Мемлекеттік кеден комитетінің Стратегиялық жоспарлау және кедендік рәсімдерін оңайлату басқармасының бастығы Фарход Олимжонов айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

- Жыл сайын тауар айналымы артып, туристер саны көбейіп келеді. Атап айтқанда, 2024 жылы Өзбекстан шекарасынан 4,5 миллионнан астам көлік өткен болса, былтыр бұл көрсеткіш 5,5 миллионға жетті. 2025 жылы кеден заңнамасын бұзудың 40 мыңнан астам фактісі анықталды. Мәселен, дәрі-дәрмекті заңсыз әкелген 1 мыңнан аса жағдай тіркелді. Сонымен қатар, 1,8 тонна есірткі, 1 тонна психотроптық заттар және 150 келіден көп зергерлік бұйымдар тәркіленді, - деді Kazinform агенттігі тілшісінің сауалына жауап берген Фарход Олимжонов.

Оның айтуынша, анықталған әр факті бойынша әкімшілік және қылмыстық іс қозғалған.

- Кеден органдарының сергек әрекет етуі мұндай деректерді уақытылы анықтауға сеп болып жатыр. Біздің ведомство бір жағынан шекарадан өту процестерін жеңілдетумен айналысса, екінші жағынан қатаң бақылау жүргізу міндетін мінсіз атқаруы тиіс, - деп түйіндеді Фарход Олимжонов.

Еске салайық, былтыр Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 5 млрд долларға жуықтады.

Мұнымен бірге, Өзбекстан 2030 жылға қарай 20 млн шетелдік турист қабылдауға ниетті.