Былтыр сүт безі обырынан 1 мыңнан астам әйел көз жұмған
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрлігі сүт безі обырын анықтау үшін әйелдерді уақтылы скринингтен өтуге шақырды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.
Сүт безі обыры бүгінде Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде онкологиялық аурулардың ең көп таралған түрлерінің бірі болып саналады.
ДДСҰ деректері бойынша, бұл обыр қатерлі ісік диагноздарының 21%-ын құрайды. Әлемдік статистикаға сәйкес жер шарындағы әрбір сегізінші әйел сүт безі обырымен ауырады.
Әйелдердің осы қауіпті ауру туралы хабардар болуы үшін жыл сайын 15 қазанда Дүниежүзілік сүт безі обырымен күрес күні атап өтіледі.
Қазақстанда тек 2023 жылы сүт безі обырының 5,5 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталды. Бір жылдың ішінде бұл аурудан 1 мыңнан астам әйел көз жұмған. Сонымен қатар, сүт безі обырын ерте кезеңде уақтылы диагностикалау кезінде әйелдердің толық емделуі 95%-ға жетеді, - делінген министрлік хабарламасында.
Бұл аурудың профилактикасы және ерте диагностикалау мақсатында 40 пен 70 жас аралығындағы әрбір әйел 2 жылда 1 рет сүт безі обырына маммологиялық скринингтен өтуі керек.
МӘМС шеңберінде тегін онкоскринингті тіркелген жері бойынша емханалардан өтуге болады.
Бұған дейін, қыркүйекте республикада жіті респираторлық вирустық инфекцияның 544 мыңнан астам жағдайы тіркелгені хабарланды.
Сондай-ақ, жоспарлы госпитализацияға дайындық жеңілдетілгені анықталды.