Былтыр Түркістан облысында 2 мыңға жуық жұп ажырасқан
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында өткен жылы демографиялық жағдай салыстырмалы түрде тұрақты болғанымен, туу деңгейінің төмендеуі, табиғи өсімнің қысқаруы және ажырасулар санының артуы сияқты үрдістер алаңдаушылық тудырады.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, 2025 жылғы 1 желтоқсандағы дерек бойынша облыс халқы 2 148 168 адам болған. Оның ішінде қала халқының үлесі – 545 012 адам болса (25,4%), ауыл халқының саны – 1 603 156 (74,6%). 2024 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда халық саны 6 136 адамға азайған.
– Туу көрсеткіштеріне келсек, 2025 жылғы қаңтар-қараша айларында 43 327 сәби дүниеге келген. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,3%-ға төмен (49 414 адам). Дегенмен, облыс республика бойынша туу деңгейі жоғары өңірлердің қатарында болып отыр, жалпы туудағы үлесі 14,3%. Жаңа туғандар арасында ұл балалардың үлесі басым, яғни 22 247 ұл (51,3%) және 21 080 қыз (48,7%) дүние есігін ашқан, - деді департамент басшысының орынбасары Нұрқожа Бекжанов.
Неке және ажырасу динамикасы да әлеуметтік үрдістердегі өзгерістерді байқатады.
– 2025 жылғы қаңтар-қарашада 10 112 неке тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға немесе 994 некеге азайған. Ажырасулар саны, керісінше, өсіп, 1 971-ге жетті, яғни 12,8%-ға артқан, - деді спикер.
Ал өлім-жітім көрсеткіштері бойынша 2025 жылғы қаңтар-қарашада 9 316 адам қайтыс болған, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1%-ға артық. Туу деңгейінің төмендеуі мен өлім-жітімнің аздап өсуі нәтижесінде табиғи өсім көрсеткіші де қысқарған. Бұл ретте, табиғи өсім 34 011 адамға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 6 183 адамға немесе 15,4%-ға кеміген.
Бұдан бұрын Қазақстанда ерлі-зайыптылардың ажырасуына тұрмыстық зорлық-зомбылық, опасыздық және тәуелділіктер негізгі себеп болып отырғанын жазған едік.