«Өткен жылы желтоқсанда қызылшадан балалар өлімінің екі жағдайы тіркелді. Соның бірі ШҚО-да болды, 6 айлық бала көз жұмды. Алғашында ата-анасы баланы ауруханаға жатқызудан бас тартты. Уақыт өте келе сәбидің жағдайы нашарлап, дерт асқынып кеткен. Айта кету керек, ШҚО-дағы баланың анасы вакцина алмаған», - деді Әйгерім Оспанова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Министрлік өкілінің айтуынша, сәбидің өлімі қызылшадан болғаны медициналық-сараптамалық тұрғыдан расталды.
«Екінші жағдайға келсек, ол — 4 айлық сәби. Бала өте ауыр жағдайда қабылданды. Бүгінгі таңда сараптамалар жүргізіліп, қызылша диагнозы расталды», - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда қызылша жұқтырған төрт бала жансақтау бөлімінде жатқаны туралы хабарлаған болатынбыз.