Binance өңірлік қаржы-есеп айырысу хабы құрылады

АСТАНА. KAZINFORM – Alatau City үшін Tokenization by Default тұжырымдамасы дайындалып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

Фото: freepik.com

- Alatau City үшін Tokenization by Default тұжырымдамасы дайындалып жатыр. Цифрлық құралдар қала инфрақұрылымы мен инвестициялық жобаларды қаржыландыруға пайдаланылады. Осы жылдың соңына дейін Iconic Tower кешенін 50 млн АҚШ долларына дейінгі сомаға токендеу жоспарланып отыр. Тағы бір жоба – құны 10 млн АҚШ долларына дейінгі Birlik логистикалық орталығы. Екі жоба да KASE инфрақұрылымы арқылы іске асырылады, - деді ол.

Тимур Сүлейменов цифрлық активтер нарығын дамытудың келесі бағыты ортақ елдік нарық құру екенін айтты.

- Ол жалпыұлттық режимнің, АХҚО мен Alatau City мүмкіндіктерін біріктіруі керек. Бұл юрисдикциялар бірін-бірі толықтыруы қажет. Дәл осы модель аясында Binance өңірлік қаржы-есеп айырысу хабы пысықталып жатыр. Жоба қазақстандық заңды тұлға құруды және бірінші санаттағы төлем ұйымының лицензиясын алуды көздейді. Хаб ТМД, Шығыс Еуропа және Азия елдеріндегі клиенттерге қызмет көрсете алады, - деді Тимур Сүлейменов.

Айта кетейік, Үкімет отырысында цифрлық активтер саласын дамыту мәселелерін талқыланып жатыр.