Экология мемлекеттік саясаттың бір бөлігіне айналды
БҰҰ-ның Биологиялық әртүрлілік туралы конвенциясы тараптарының 17-конференциясы (COP17) қарсаңында Ереванда өткен саммитте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биоалуантүрлілікті сақтау — өркениеттің өмір сүру мәселесі әрі болашақ ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік екенін атап өтті. Қазақстан тарихында алғаш рет экологиялық мәдениет Конституцияда мемлекеттіліктің негізгі қағидаттарының бірі ретінде бекітілді. Ал «Таза Қазақстан» акциясы жай ғана науқан емес, қоғамның өмір салтын өзгертуге бағытталған жалпыұлттық идеологияға айналды.
Соңғы жылдары Қазақстан бірқатар маңызды нәтижеге қол жеткізді. 2003 жылы 21 мың болған киік саны бүгінде 4,7 миллионға жетті. Қар барысының саны артты. Тұран жолбарысы 70 жыл үзілістен кейін табиғи ортаға қайта жерсіндірілді. Сонымен қатар Қазақстан еуропалық серіктестермен бірге Пржевальский жылқысын табиғатқа қайтару бағытында жұмыс істеп жатыр. Бұл жетістіктерге ғалымдардың, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың жүйелі жұмысының арқасында қол жеткізілді.
Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының атқарушы директоры Вера Воронованың пікірінше, еліміздің экологиялық саясатында 2026–2035 жылдарға арналған биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі ұлттық бағдарламаның рөлі ерекше. Бағдарлама табиғи мекендеу ортасын қалпына келтіруге, сирек кездесетін түрлерді қорғауға және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін кеңейтуге бағытталған.
Сарапшының айтуынша, ұзақмерзімді бағдарламада бекітілген жүйелі тәсіл Қазақстанға ішкі міндеттерді шешіп қана қоймай, халықаралық экологиялық күн тәртібіне де елеулі үлес қосуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ғылымның, мемлекеттің және қоғамның өзара іс-қимылына негізделген тұрақты модель қалыптастыруға жол ашады.
— Бұл тұжырымдама әртүрлі мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіріп, кешенді экологиялық міндеттерді шешу үшін салааралық өзара іс-қимылды жолға қоюға мүмкіндік береді. Осындай құжаттың арқасында тозған жерлерді қалпына келтіруден бастап су экожүйелерін сақтауға дейінгі шараларды бірыңғай мемлекеттік саясат аясында үйлестіруге болады, — деп есептейді сарапшы.
Ұлттық күн тәртібінен халықаралық деңгейге
Алайда бүгінде экологиялық қатерлерді еңсеру ұлттық деңгейдегі міндеттермен ғана шектелмейді. Жердің тозуы, су тапшылығы және биоалуантүрліліктің азаюы жаһандық ауқымдағы сын-қатерлерге айналды. Оларды бір елдің күшімен еңсеру мүмкін емес.
Сондықтан Қазақстан халықаралық бастамаларды белсенді түрде ұсынып, мемлекеттерді планетаның болашағы үшін ортақ жауапкершілік төңірегінде біріктіруге ұмтылып келеді. Сирек кездесетін түрлерді қорғау және биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі халықаралық қор құру бастамасы табиғи мұраны қорғау мен осал экожүйелерді қолдау жолында мемлекеттер мен халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіруге бағытталған.
Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының басқарма төрағасы Сәкен Қалқамановтың пікірінше, бұл қор халықаралық ынтымақтастықтың, соның ішінде тұрақты қаржыландыру моделін қалыптастырудың нақты тетігіне айналуы мүмкін.
— Қор мемлекеттер мен халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіруге, табиғи мұраны қорғауға, жануарлардың сирек кездесетін түрлерін сақтауға және аса осал табиғи кешендерді, ең алдымен, Каспий теңізінің экожүйесін тұрақтандыруға арналған көпжақты алаң ретінде қарастырылып отыр. Қордың құрылуы табиғатты қорғау мәселесіне қоғамның назарын аударуға және осы саладағы қайырымдылық мәдениетін дамытуға ықпал етуі мүмкін, — деді ол.
Алматыда Биологиялық әртүрлілік туралы конвенция хатшылығының өңірлік кеңсесін орналастыру бастамасының да маңызы зор. Экологтардың пікірінше, бұл қадам Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Куньмин–Монреаль жаһандық биоалуантүрлілік шеңберлік бағдарламасы сияқты халықаралық бастамаларға тікелей қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ тұрақты ғылыми тәжірибе алмасуға жол ашады.
— Қазақстан Куньмин–Монреаль жаһандық биоалуантүрлілік шеңберлік бағдарламасының мақсаттарына сәйкес келетін елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісі жүйелі түрде кеңейіп келеді (3-мақсат). Киік пен басқа да ірі сүтқоректілерді қоса алғанда, сирек кездесетін жануарлар санының қалпына келуінде ілгерілеу бар (4-мақсат). Жабайы жануарлар дүниесі нысандарының заңсыз айналымына қарсы күрес және жабайы түрлерді тұрақты пайдалану тетіктерін дамыту да маңызды бағытқа айналды. Бұл 5 және 9-мақсаттарға сәйкес келеді, — дейді сарапшы.
Оның айтуынша, аталған жетістіктер Қазақстанның экологиялық саясаты жүйелі сипатқа ие екенін және еліміздің биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі жаһандық күш-жігерге үлес қосып отырғанын көрсетеді.
Сонымен қатар Қазақстан экожүйелерді бақылау және экологиялық қатерлерді болжау үшін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні пайдалануды ұсынады. Астанадағы Жасанды интеллект жөніндегі халықаралық орталықты бірлескен зерттеулер жүргізуге, биоалуантүрлілік туралы деректерді талдауға және ерте ескерту жүйелерін әзірлеуге арналған алаң ретінде пайдалану ұсынылып отыр.
Цифрлық мониторинг елдердің іс-қимылын үйлестіруге көмектеседі
Мұндай мониторинг мемлекеттің экологиялық сын-қатерлерге ден қою мүмкіндігін тікелей арттырады. Қазақстанда Каспий теңізін сақтау мен Каспий итбалығын қорғауға ерекше назар аударылып отыр. Соңғы жүз жылда бұл жануардың саны төрт есе азайған.
Қазақстан Орталық Азия және басқа да мемлекеттердің су қауіпсіздігін нығайту жолындағы күш-жігерін біріктіру үшін БҰҰ жүйесінде Халықаралық су ұйымын құру бастамасын көтерді.
Алайда «Эко Маңғыстау» қоғамдық бірлестігінің директоры Кирилл Осиннің атап өтуінше, дәл осы цифрлық мониторинг пен ерте ескерту жүйелері Каспий маңындағы барлық мемлекет арасында тұрақты әрі үйлестірілген зерттеулер жүргізудің негізгі құралына айналып отыр.
— Каспий итбалығы — осы өңірдегі жалғыз теңіз сүтқоректісі. Оның тағдыры Каспийдегі экологиялық сын-қатерлердің символына айналды. Бұрын кәсіптік аулау оның популяциясына орасан зор зиян келтірді. Ал қазіргі қауіп-қатерлер — балық аулау торлары, көбею орындарының жойылуы, ластану және мұз жамылғысының азаюы — бұл түрге түсетін қысымды одан әрі күшейтіп отыр, — деп еске салады эколог Кирилл Осин.
Оның айтуынша, қабылданатын шаралар кешенді болуы керек. Атап айтқанда, итбалықтардың тынығатын және көбейетін орындарын қорғау, олардың балық аулау торларына түсіп қырылуын азайту, қараусыз қалған аулау құралдарын жою, сондай-ақ жануарлардың жаппай қырылу жағдайларын тергеп, оның нәтижелерін ашық жариялау қажет.
Бұл проблемалық аумақтарды анықтап, оларға дер кезінде ден қоюға мүмкіндік береді. Осындай форматтағы халықаралық мониторинг жай ғана бақылау құралы емес, барлық мүдделі мемлекеттің іс-қимылын үйлестіру тетігіне айналады.
Осылайша, Еревандағы саммит экологиялық проблемаларды шешуде жаһандық тәсілдерге көшудің қажеттігін көрсетті. Қазақстан ұсынған бастамалар еліміздің ұлттық жетістіктерді әлемдік экологиялық күн тәртібімен ұштастыруға ұмтылатынын аңғартады.
Сирек кездесетін жануарлар санын қалпына келтіру мен Каспийді қорғаудан бастап халықаралық қорлар құру және цифрлық мониторингті енгізуге дейінгі бастамалар экологиялық стратегияны халықаралық ынтымақтастықтың нақты тетігіне айналдыруға бағытталған.