«Биогазға көшетін уақыт келді» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 21 наурыз, дүйсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.


***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі саны кеше өткен сайлауға арналып отыр. Осы орайда басылымда дауыс беру үрдісі мен байқаушылардың пікірлері қамтылған. Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының сайлауларында халықпен бірге дауыс берді.
Қазақстан Президенті елордадағы Оқушылар сарайында орналасқан № 81 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Елбасы дауыс беріп болған соң, отандық және шетелдік БАҚ өкілдерінің алдында өз пікірін білдірді.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы сайлауға қатысу арқылы миллиондаған қазақстандықтар сияқты өзінің конституциялық құқығы мен азаматтық борышын жүзеге асырғанын атап өтті.
- Мәжіліс және жергілікті өкілді билік органдарының бүгінгі сайлауы - Қазақстанның қазіргі заман тарихындағы өте маңызды кезең. Қазақстанда және әлем бойынша елдің 9 миллионнан астам азаматы 9900-дей сайлау учаскесінде дауыс береді. Кезектен тыс сайлау қазір өміріміздің барлық саласында жаңару жүріп жатқанын сезінген ел Парламентінің бастамасымен өткізіліп отыр. Біз дағдарыс үрдістерін еңсереміз, бұл үшін дайындығы бар және істі білетін жаңа депутаттар қажет, - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев ел азаматтарының сайлаудағы белсенділігін де өз сөзіне арқау етті. Бұл туралы «Елбасы халықпен бірге дауыс берді» деген мақаладан толық оқи аласыздар.

Бас басылымда «Үгіт жұмыстары заңға сәйкес жүргізілді» атты мақала жарияланды. Үгітті қоса алғанда, дауыс берілетін күннің алдындағы барлық іс-шаралар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес жүргізілді. Мемлекеттік органдар тарапынан қандай да бір заң бұзу¬шылықтар тіркелген жоқ. Бұл туралы кеше Пре¬зидент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.
«Конституцияға және Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, Бас прокуратура ағым¬дағы сайлау процесінің заң¬дылығын қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады. Электораттық кезеңде азаматтардың конституциялық құқықтарының және сайлау заңнамасының сақталу мәселелері прокурорлар үшін жұмыстың негізгі басымдылығы болып белгіленді», деді Бас прокуратураның ресми өкілі.
Тек сайлау алдындағы үгітті жүргізу шарттарының жекелеген бұзушылықтары орын алған. Нақты айтқанда, Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданында прокуратура учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы А.У. Жүнісоваға қатысты мәсли¬хат депутаттығына кандидаттардың бірін қолдаумен сайлау алдындағы үгіт жүргізгені үшін әкімшілік іс қозғаған. Жүнісова комиссия төрағасының міндеттерін атқарудан босатылып, сондай-ақ, оны сот 30 АЕК мөлшеріндегі айыппұл түрінде әкім¬шілік жауапкершілікке тартқан.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының Қаратау ауданында қалалық мәслихаттың депутаттығына кандидаттың үгіттеу материалдарын бүлдіргені үшін қала тұрғыны Ж.К.Бубеев әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Сондай-ақ, сайлау алдындағы үгітті жүргізу ережелерін бұзу фактілері бойынша прокуратура елорданың үш тұрғынына заңды бұзуға жол берілмейтіні туралы алдын ала ескерту жариялаған.
***


«Маңызды саяси науқан саналатын сайлаудың тыныштығын 20 мыңнан астам полицей қамтамасыз етуде. 24 наурызға дейін күшейтілген тәртіпке көшкен Ішкі істер министрлігі азаматтардың таңдау құқығын алаңсыз жасауына барлық мүмкіндікті қарастырып отыр. Сонымен бірге дауыс берілген бюллетеньдерді тасымалдау да қатаң қадағалауға алынып тұр»,-деп жазады «Айқын» газеті «Қауіпсіздік барынша қамтамасыз етілді» атты мақалады.
- Сайлау науқаны қолданыстағы заңнама шеңберінде қалыпты және тыныш жағ¬дайда өтті. Сайлау заңнамасын өрес¬кел бұзуға жол берілген жоқ, - деді кеше Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полиция генерал-лейтенанты Марат Демеуов.
Осы басылымда «Биогазға көшетін уақыт келді» деген мақала берілген. Қазақстандық биолог-ғалым Дәуір Райымбеков Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде жүзеге асыруды мақсат тұтқан «Жасыл экономика» саясатын жүргізуде биогаздың артықшылықтары орасан зор екенін дәлелдеп жүр.

Ғалымның айтуынша, биогазды өндіру ежелден ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы жақсы дамыған қазақ елі үшін ешқандай қиындық тудырмайды.

«Қазіргі күні Қазақстанда 148 мыңнан астам шаруа қожалығы, 131 мың өсімдік шаруашылығы, сондай-ақ 9567 мал шаруашылығы және 7 мыңға жуық алуан түрлі шаруа қожалықтары бар. Біздің есептеуімізше, осы шаруа қожалықтарына қуаттылығы әртүрлі 148 мың биогаз қондырғысын және көлемі 10 шаршы метрлік 9567 қондырғыны орнатуға болады. Осы арқылы шаруа қожалықтарын толықтай биогазды пайдалануға көшіруге болар еді»,-деп жазады мақала авторы.