ББҚ нарыққа қалай жіберіледі
Комитет мәліметінше, қазіргі уақытта биологиялық белсенді қоспалардың айналымы Еуразиялық экономикалық одақ заңнамасына сәйкес реттеледі.
«Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентінің 24-бабына сәйкес ББҚ міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтуге тиіс.
– Мемлекеттік тіркеу ғылыми ұйымдар жүргізген сараптамалық қорытындылар мен ғылыми есептер негізінде жүзеге асырылады. Оның аясында балалар мен ересектерге арналған тағамдық және биологиялық белсенді заттардың тәуліктік тұтыну мөлшеріне сараптама жасалады, - деді спикер.
Тіркеуден өткеннен кейін өнім ЕАЭО-ның ресми интернет-ресурсындағы Мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің бірыңғай тізіліміне енгізіледі.
– Мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің бірыңғай тізілімінде оны сәйкестендіруді, қолдану саласын, қолдану жөніндегі ұсынымдарды, қарсы көрсетілімдерді, сақтау шарттарын, өндіруші туралы мәліметтерді қамтамасыз ететін ББҚ туралы барлық негізгі мәліметтер қамтылады, - деп Нұрқан Сәдуақасов.
2 мың онлайн-платформада жарнама талаптары бұзылған
2024 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарындағы ББҚ жарнамасын мониторингілеу арқылы профилактикалық бақылау жүргізіп келеді. Ол «Тағамға биологиялық белсенді қоспаларды жарнамалауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» 2024 жылғы 27 маусымдағы №36 бұйрық негізінде жүргізіледі.
2025-2026 жылдары әлеуметтік желілерде 8,5 мың жарнама таратушыға қатысты мониторинг жүргізілген.
– Мемлекеттік тіркелмеген ББҚ сатуды жүзеге асыратын 2 мың онлайн-платформада жарнама ережелерін бұзу фактілері анықталды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитеті осы кезеңде жосықсыз жарнама таратушылардың 23-тен астам аккаунтты өшірді, - деді төраға орынбасары.
ББҚ-ның 19,3 пайызы талапқа сай келген жоқ
Нұрқан Сәдуақасовтың мәліметінше,2025-2026 жылдары ББҚ-ны бақылау мақсатында сатып алу аясында 545 сынама зерттелген.
– Оның ішінде 105 сынама, яғни 19,3 пайызы белгіленген талаптарға сәйкес келмеді. Талапқа сай келмеген жағдайлардың 94,6 пайызы таңбалауға қатысты болса, 5,4 пайызы микробиологиялық көрсеткіштер бойынша анықталды, - деді ол.
Сонымен қоса сатылымнан алып тастауға қатысты 105 шара қабылданды. Мәселен, 72 келіден астам сәйкес келмейтін ББҚ сатылымнан алынып тасталған.
1 қыркүйектен бастап ББҚ міндетті түрде таңбаланады
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда биологиялық белсенді қоспаларға міндетті таңбалау енгізіледі.
Бұл талап Сауда және интеграция министрінің 2026 жылғы 26 мамырдағы №199-НҚ бұйрығында көзделген.
Міндетті таңбалау 2026 жылғы 1 қыркүйектен кейін өндірілген және тағамға биологиялық белсенді қоспа ретінде қолданыстағы мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі бар өнімдерге қатысты болады.
– Әр өнімге бірегей Data Matrix цифрлық коды беріледі. Ол өнімнің өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап соңғы сатып алушыға дейінгі бүкіл жолын бақылауға мүмкіндік береді, - деді спикер.
Меншік құқығы берілген немесе өнім қоймалар арасында ауысқан сайын код сканерленіп, бірыңғай цифрлық дерекқорға енгізіледі. Ал бөлшек сауда кезінде кассада автоматты түрде айналымнан шығарылады.
Комитеттің түсіндіруінше, таңбалау жүйесінің негізгі мақсаты — тауар айналымын ашық ету, есепке алынбаған өнім мен «сұр» импорттың жолын кесу. Жиналған деректер тауар айналымындағы өзгерістерді бақылауға және салықтан жалтару схемаларын анықтауға мүмкіндік береді.
Алайда Data Matrix кодының болуы өнімнің сапасына кепілдік бермейді.
— Қазіргі уақытта таңбалау тауардың сапасын анықтау құралы емес, ол ең алдымен нарықты заңдастыруға бағытталған. Болашақта таңбаланатын өнімнің рұқсат құжаттары мен сәйкестік сертификаттарын тікелей байланыстыру үшін жүйені Техникалық реттеу және метрология комитетінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау жоспарланып отыр, - деді Нұрқан Сәдуақасов.
Алдағы уақытта таңбаланатын өнімнің рұқсат беру құжаттары мен сәйкестік сертификаттарын тікелей байланыстыру үшін жүйені Техникалық реттеу және метрология комитетінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 10 шілдедегі бұйрығымен биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) таңбалауда қолданылатын бақылау (сәйкестендіру) белгісі мен сәйкестендіру құралының шекті құны белгіленгені хабарланды.