Бірқатар келіспеушіліктер туындағандықтан, құжатты пысықтай түсуі үшін жоба Бас комитетке жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасын қабылдау, биоотын өндірісі және айналымы кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуді қамтамасыз етуге және құқықтық, экономикалық, ұйымдастыру жағдайларын айқындауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, құжаттың мақсаты еліміздің биоотын өндірісін дамыту, оны өндіру кезінде мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау болып табылады. Айта кету керек, құжатта Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске әкімшілік жаза шараларын қолдану және биоотын өндірісі жөніндегі әрекетті тоқтату бөлігіне, «Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңға, осы заңның биоотынға әрекетінің ара-жігін ажырату бөлігіне өзгерістер енгізіледі. Сонымен қатар «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіру және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан заңына биоотын мен мұнай өнімдерін өндірушілерге мұнай өнімдерін биоотынмен компаундирлеу жөніндегі қызметпен айналысуға құқық беру бөлігіне түзету енгізіліп отыр.
Мәжіліс депутаттары жобаны екінші оқылымға әзірлеу барысында бірқатар ұсыныстар енгізген болатын. Бұндай ұсыныстардың негізгі бөлігі биоотын өндірісі кезінде тамақ шикізатын пайдалану үшін квота белгілеуге, сондай-ақ 3-сыныпты бидайды биоотын өндірісіне пайдалануға тыйым салуды белгілеуге қатысты нормаларды сақтау қажеттігіне байланысты болып табылады. Дәл осы мәселелер де жалпы отырыста талқылау барысында үлкен пікірталасқа айналды.
Осыған орай, заң жобасы екінші оқылымда мақұлданып, әлі де пысықтай түсу үшін үшінші оқылымға әзірлеу туралы шешім қабылданды.