Бұл жөнінде Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті өз қорытындысын берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кету керек, биоотын өндірісін реттеуге бағытталған осы заң жобасы Палатаның ұзақ сараптауынан өтті. 2009 жылғы мамырдың 27-сінде бірінші оқылымда қаралса, үстіміздегі жылғы ақпанның 3-інде екінші оқылымда талқыланып, мақұлданған болатын. Осы жолы депутаттардың жаңа ұсыныстары бойынша үшінші оқылымға әзірленіп отыр.
Заң жобасының мақсаты - биоотын өндірісін және айналымын дамыту, биоотын өндірісі кезінде мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін реттеу, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау.
Заң жобасы бойынша қорытынды салыстырма кестеге 87 түзету енгізілген. Аграрлық мәселелер комитеті соның ішінде 14 түзету қабылданбағанын мәлімдеп отыр.
Заң жобасы ертең, наурыздың 31-і күні болатын Палатаның жалпы отырысының күн тәртібіне ұсынылады.