Бір адамның шағымы ұқсас мәселесі бар өзге азаматтардың да мүддесін қорғайды - Эльвира Азимова

АСТАНА. ҚазАқпарат – Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық форумына қатысқан ҚР Конституциялық Сотының төрағасы Эльвира Азимова адам құқығын қорғауға бағытталған реформалардың қалай жүзеге асып жатқанын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Конституциялық Соттың жұмысынан заң үстемдігі мен адам құқықтарын қорғау реформасының қалай жүзеге асып жатқанын көруге болады. Аталған институттың құрылуы азаматтардың құқығын қорғауға қосымша мүмкіндік береді. Егер бұрын Конституциялық Сотқа тек билік субъектілері жүгінген болса, қазір оған адам құқықтары жөніндегі уәкіл және Бас прокурор шағым түсіре алады. Бұл негізінен құқық қорғау бағындағы қосымша механизм», - деді Эльвира Азимова.

Оның айтуынша, бес айдың ішінде ҚР Конституциялық Соты түрлі мәселелер бойынша нақты 19 шешім шығарған.

«Конституциялық Сотқа шағыммен бір азамат жүгінеді, тиісінше оның талабынан кейін көптеген ұқсас мәселесі бар өзге де көптеген адамның мүдделері қорғалады. Біз жұмыс істеген 5 айдың ішінде кейбір мемлекеттік органдардың бірсарынды жауап беріп жатқанын байқадық. Осы аралықта Конституциялық Сот түрлі мәселелер бойынша нақты 19 шешім шығарды. Осыдан кейін мемлекеттік органдар өз бетінше шешім қабылдап, жаңа ұсыныстарды пысықтауға бет алды деп айта аламыз», - деп түйіндеді ҚР Конституциялық Сотының төрағасы.

Қоса кетсек, аталған форум аясында сөз сөйлеген БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Терроризмге қарсы комитетінің атқарушы директоры Наталья Герман Қазақстанның «Жусан» гуманитарлық арнайы операциясы өзге мемлекеттерге үлгі екенін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін елордада Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық форумы өтіп жатқанын хабарлап едік. Оған Азия елдерінен келген 60-тан астам сарапшы қатысып жатыр.