Бір алтын, бір күміс: Қазақстандық гимнастардың Азия чемпионатындағы нәтижесі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сингапурда спорттық гимнастикадан ересектер арасындағы Азия чемпионатының финалдық кезеңі аяқталып, қазақстандықтар бір алтын, бір күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР гимнастика федерациясына сілтеме жасап.

Атап айтқанда, Нариман Құрбанов ат снарядындағы сайысты 15.333 ұпаймен аяқтап, алтын жүлдеге ие болды. Күміс және қола жүлде сәйкесінше Иордания және Жапония спортшыларына бұйырды.

Еркін жаттығуда қазақстандық Дмитрий Потанин 14,366 ұпаймен күміс медаль еншіледі. Бірінші орыннан филиппиндік спортшы, үшінші орыннан Қытай гимнасты көрінді. Осы дисциплинада Милад Карими де өнер көрсеткен болатын, ол жаттығуды 5-орынмен аяқтады (14.100 ұпай).

Бұған дейін хабарлағанымыздай, аталған Азия чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы командалық есепте қола жүлдеге ие болды. Осылайша, гимнасшыларымыз күзде Бельгияда өтетін əлем чемпионатына жолдама алды. Қазақстан әйелдер құрамасы командалық есепте 4-ші орынға жайғасты.

Айта кетейік, бірнеше күн бұрын Сингапурда спорттық гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты аяқталған болатын.

Нәтижесінде ат снарядында (13.950 ұпай) Зейнолла Ыдрысов алтын жүлдеге ие болды. Күміс және қола жүлдеге Қытай мен Жапония спортшылары қол жеткізді.

Тіреп секіру жаттығуында Алтынхан Темірбек (13.650 ұпай) үздік үштіктен көріне алды. Бұл жаттығуда бірінші орында – Қытай, екінші орында – Филлипин.

Ыдрысов Нұртан аспадағы жаттығуда (12.500 ұпай) жапондық және кореялық спортшыға есе жіберіп, қола медаль алды.

Жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы 4-ші орыннан көрінді.