Бұл мәліметтерді бүгін журналистермен болған брифингте ҚР Ішкі істер министрлігінің тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ол таратқан деректерге қарағанда, апта ішінде сонымен қатар 358 бұрын жасалған қылмыстың беті ашылған. Сондай-ақ іздеуде жүрген 83 күдікті қолға түсіп, 33 атыс қаруы тәркіленген. «Қазанның 30-ы күні Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданында Қылмыстық полиция комитетінің өкілдері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері бірігіп «Тойота Камри» автокөлігін ұстады. Ондағы жолаушының бірінен 16 оғы бар «АК-74» маркілі автомат пен 8,5 грамм героин алынды. Қазіргі таңда аталмыш іс бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде», деді департамент бастығы.
Сондай-ақ ол келтірген мәліметтерге қарағанда, апта ішінде 142 есірткімен байланысты қылмыс әшкереленіп, олардың 44-і есірткіні саудалаумен байланысты болған. «Жамбыл облысының Шу қаласында 1 келі 900 грамм героинді денесіне жапсырып алған Тараз қаласының 20 жасар әйел азаматы ұсталды. Сондай-ақ осы аймақта «Дельта-алқап» арнайы мақсаттағы жасағының қызметкерлері 33 жасар Қызылорда қаласының тумасын ұстады. Одан 1 тонна 529 келі марихуана табылды», деді Қ.Жұманов.