Аталған мерзім ішінде бакалея өнімдерінде баға өзгерісі орын алды. Атап айтқанда, арпа жармасы Астанада 14 пайызға, яғни келісіне 133-тен 115 теңге дейін арзандаған. Бағаның төмендеуіне бөлшек саудада қаптан өлшеніп сатылатын өнім көлемінің артуы мен көтерме сауда бағаларының 31 пайызға төмендеуі себеп болды. Ал бидай жармасы Астанада 14 пайызға қымбаттап, келісі 158 теңге жеткен, бұған көтерме сауда бағаларының 30 пайызға қымбаттауы әсер еткен.
Ет өнімдері арасында Петропавлда шошқа еті 10 пайызға арзандаған, бұған нарықтың өніммен толығып, көтерме сауда бағасында шошқа етінің келісі 830-дан 750 теңгеге арзандауы әсер еткен. «Жеміс-көкөніс бағалары мынадай өзгерістерге ұшырады: жүзім Астанада 11 пайызға қымбаттады. Бұған өнімді жеткізу көлемінің азаюы себеп болды. Сол секілді қияр Астана мен Петропавлда 17 пайызға дейін арзандады. Өнімнің арзандауына көкөністі жеткізу көлемінің артуы мен көтерме сауда бағаларының төмендеуі себеп болған. Пияз бағасы Өскеменде 15 пайызға, Астанада 13 пайызға, Алматыда 11 пайызға қымбаттаған. Бұл өнім қорының азаюы мен көкөністі сақтауға кеткен шығынның артуына байланысты орын алған маусымдық баға өсімі болып табылады», делінген баспасөз баянында. Балық өнімдері арасында мөңке Ақтөбеде 14 пайызға қымбаттады. Ал сазан балығының бағасы Ақтөбеде 13 пайызға өскен. Бағалардың бұлайша өсіміне негізінен көтерме сауда бағасының қымбаттауы мен балықты аулауға тыйым салу маусымының басталуы себеп болғанға ұқсайды. Еске сала кетейік, «Қазагромаркетинг» АҚ апта сайын әр сейсенбі күні азық-түліктің 66 түрі бойынша еліміздің барлық облыстарында және Астана, Алматы қалаларында баға мониторингін жүргізеді.