Бір аптаға созылған жедел-сауықтыру шарасының барысында 94 мыңға жуық жолда жүру ережесін бұзу әрекеті анықталды

парат /Айдар Оспаналиев/ - Ішкі істер министрлігінің Жол полициясы комитетінің өкілдері қазан айының 18-і мен 25-і аралығында республика аймағында жүргізілген «Қауіпсіз жол» жедел-сауықтыру шарасының барысында 94 мыңға жуық жолда жүру ережесін бұзу әрекетін анықтады. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Жол полициясы комитетінің төрағасы Қайрат Тыныбеков мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, еліміздегі жолдардағы қауіпсіздік шараларын бақылау жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында жедел-сауықтыру шарасының барысында жол полициясының қызметкерлері бақылайтын бағыттар өзгертіліп, күшейтілді. Бұл бағыттағы жұмыстарға ішкі істер органдарының өзге де құрылымдары тартылды. «Біз әсіресе басты назарды апатты жағдайлар көп орын алатын аймақтарға бұрдық. Орта есеппен алғанда шара барысында ішкі істер органдарының 5 мың 800 қызметкері күн сайын қызмет бабында болды. Олардың 3,5 мыңы жол полициясы қызметкерлері», - деді комитет төрағасы.

Оның мәліметтерінше, жедел-сауықтыру шарасының барысында орын алған заң бұзу әрекеттерінің 2 мың 728-ін көлікті мас күйінде жүргізу жағдайлары құрап отыр. Сондай-ақ 17 мың 424 адам көлікті шектен тыс жылдам жүргізіп ұсталса, 6 мың 717 адамның ешқандай құжаттары жоқ болып шықты. 1 мың 798 жағдайда жүргізушілер қарсы бағыттағы жолға шығып кеткен. 307 адам ішкі істер органы қызметкерлерінің айтқандарына көнбеген. «Сондай-ақ 3 мың 989 жол ережесін жаяу жүргіншілердің бұзуы тіркелген. Жол ережесін ұдайы бұзып жүргені үшін 365 адамға әкімшілік іс қозғалды», - деді Қ.Тыныбеков.