Назира Ерғалиева ауыл халқына жалғыз өзі сапалы қызмет көрсетіп келеді.
Тұрғындардың шақыртуына жаяу, алыстау жерге велосипед, болмаса жолдасының мотоциклімен барады.
«Жедел жәрдем көлігі жоқ» деп қолды бір сілтемей, қалайда жетудің амалын ойластыратын Назираға ауыл тұрғындары дән риза.
- Бекіде тұрғындар саны күн санап артып келеді. Бірақ, өкінішке қарай, жедел жәрдем көлігі жоқ. «Жаңа мектептің құрылысы басталды» деп қуанған бекіліктер, енді «ауылға жедел жәрдем көлігі келді» деп бір қуанса екен дейміз. Ауылдың басым көпшілігі үлкен кісілер, жедел жәрдемнің көмегіне көп жүгінеді. Күндіз-түні телефоныма тыныштық жоқ. Шамам жеткенше, барлығына үлгеруге тырысамын. Қазір маман тапшылығы қатты сезіледі. Әйтпесе, тұрғындар «дәрі-дәрмегімізді уақытында ала алмадық» деп ренжісе, ауылдағы жалғыз меlбике екенімді білген соң амал жоқ, ауруы жанына батса да, кезек күтіп жатып қалады. Осындайда қасымда тағы бір маман болса, қандай жақсы болар еді деп ойлап қоямын, - дейді Назира.
Назира мезгіл де, мекен де таңдамайды. Алайда, қазір шалғай ауылдарға барып, жұмыс істегісі келетіндер жоқтың қасы.
«Бәрі аудан-қалаларда жұмыс жасағысы келеді. Жоғарғы оқу орнын бітірген жастар ауылдағы маман тапшылығына бас ауырта қоймайтын секілді», - дейді ол.