Бір автобус баланы құтқарып қалған полицейдің тұяғы әкесінің ерлігін қайталады

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда адамдарды өрттен құтқарған полицияның екі қызметкері марапатқа ұсынылды.

«102» нөмірінің операторына Павлодардағы тұрғын үйлердің бірінен өрт шыққаны туралы хабар түскенде, оқиға орнына полицейлер - аға сержант Ринат Кәрібаев пен кіші сержант Бағдат Байысов шұғыл жетті.

Олар шақырту орнына жеткен кезде үйдің кіреберісін басқан қою түтінді және әрлі-берлі сабылған адамдарды көрген. Ересектер мен балалар түтінге тұншығып жатты. Жағдайды бағамдаған полицейлер тұрғындарды қауіпсіз жерге өз күштерімен көшіруге шешім қабылдайды.

Түтінге тұншыққан тұрғындардың бірі балконға жүгіріп шығып жатса, бірі терезені ұрғылап, көмекке шақырып тұрды. Иіс тиіп, есеңгіреп жатқандар, қорқыныш пен шарасыздықтан түпкі бөлмеге тығылып қалғандар да болды, деп хабарлады Павлодар облыстық ІІД баспасөз қызметінен.

Ішкі істер органдарына жұмысқа тұрғанына бір жыл болмаған Бағдат Байысовтың әкесі кезінде бір автобус баланы құтқарып, «Ерлігі үшін» наградасымен марапатталған болатын. Адамдарды өрттен аман алып шыққан Бағдат та марапатқа ұсынылады.

Ринат Кәрібаев 2012 жылдан бері полицияда қызмет етуде. Ринат Кәрібаев пен Бағдат Байысовтың жедел және кәсіби жұмысының арқасында бірнеше адам ажалдан аман қалды.