Бір айда 2 мыңнан астам қарағандылық абаттандыру ережесін бұзған

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының полиция қызметкерлері абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 2 288 тұлғаға қатысты ескерту жасады, сондай-ақ 15 шағын кәсіпкерлік субъектілерінің әкімшілігіне жалпы сомасы шамамен бір миллион теңгеге хаттама толтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

12 наурыз-12 сәуір аралығында Қарағанды облысының аумағында учаскелік полиция инспекторлары барлық ұйымдардың, сондай-ақ жеке сектордың тұрғын үйлерінің аумақтарында қар мен тұрмыстық қоқыстың жиналуына қатысты тексеру жүргізіп жатыр.

Жедел алдын алу іс-шараларына 600-ден астам адам, оның ішінде 80 қоғамдық көмекші, 39 жергілікті атқарушы орган өкілдері және 19 ТКШ қызметкері қатысты.

Жедел алдын алу іс-шарасы жүргізілген 23 күн ішінде абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 505-бабының 1-бөлігі бойынша 2288 адам, оның ішінде 1953 жеке тұлға, 315 шағын кәсіпкерлік басшысы, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдардың 2 басшысы ескерту алды.

Ескерту шығарылғаннан кейін 10 күн өткен соң объектілер қайта тексеріледі. Кемшілікті жоймаған адамдарға ақшалай айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.