«Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бір айда 2,7 пайызға ұлғайып, 2022 жылғы маусымның соңында 20 050,8 млрд теңгені құрады (жылдық мәнде өсу 27,5% болды). Заңды тұлғаларға несие бөлу бір айда 8 080,9 млрд теңгеге дейін 2,4 пайызға, ал жеке тұлғаларға несие беру 11 969,9 млрд теңгеге дейін 2,9 пайызға артты», - делінген Ұлттық банк мәліметінде.
Ұлттық валютадағы несие көлемі бір айда 18 245,9 млрд теңгеге дейін 1,9 пайызға ұлғайды. Шетел валютасындағы несие 1 804,9 млрд теңгеге дейін 11,8 пайызға артты.
2022 жылғы маусымның соңында теңгедегі несиенің үлес салмағы 91 пайыз (2021 жылғы желтоқсанда – 89,7%) болды.
«Ұзақ мерзімді несие бір айда 16 599,8 млрд теңгеге дейін 2,8 пайызға, қысқа мерзімді несие 3 451 млрд теңгеге дейін 2,1 пайызға ұлғайды. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне несие бөлу 2022 жылғы маусымда 4 168,1 млрд теңгеге дейін 4,5 пайызға өсті (корпоративтік сектор кредиттерінің жалпы көлемінің 51,6%-ы). 2022 жылғы маусымда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген несие бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 15,8 пайыз (2021 жылғы маусымда – 11,6%), жеке тұлғаларға 17,2 пайыз (16,6%) болды», - деп аталып өткен ҰБ ақпаратында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл маусым айында Қазақстанда АҚШ долларын сатып алу қарқыны бәсеңдеді.