Бір айда Қазақстанда 12 адам иіс тиіп уланып, көз жұмған - ТЖК

АСТАНА. ҚазАқпарат - 22 қараша мен 22 желтоқсан аралағында ел бойынша 45 адам иіс тиіп, уланған. Оның ішінде 12 адам көз жұмса, 84 адам ауруханаға түскен.

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов хабарлағандай, жазатайым оқиғалардың көбі азаматтардың немқұрайдылығы салдарынан болады екен.

«Халық назарына жеткізгім келетін тағы бір мәселе - иіс тиіп, газбен улану мәселесі. Қыста кейбір азаматтардың пешпен жылыту кезінде қауіпсіздік қағидаларын сақтамайды. Мысалы, 2015 жылдың 11 айында пештерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзу салдарынан 1321 өрт орын алды. Улы газбен улану салдарынан 65 адам көз жұмды»,-дейді ол.

Соңғы бір айдың өзінде республика бойынша 12 адамның ажалы осыдан болған.

«22 қараша мен 22 желтоқсан аралығында республика бойынша улы газбен уланған 45 оқиға орын алды. Осы келеңсіз жағдай салдарынан 12 адам көз жұмды, 84 адам ауруханаға түсті. Сондықтан, жылыту маусымында азаматтардың сақ болуын сұраймыз»,-дейді Р.Иманқұлов.