Бір ғасыр бұрын бөтелкеге салынған хат табылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бір ғасырдан астам уақыт бұрын бөтелкеге салынған ескі хат иесін тапты. Аталмыш хат теңізге осыдан 101 жыл бұрын лақтырылған көрінеді. Бұл туралы Гамбургтегі Халықаралық теңіз мұражайы хабарлады, деп жазады Ресейлік жаңалықтар қызметі.

Аталған хатты жіберушінің немересі - 62 жастағы Ангела Эрдман алды. Хаттың иесі наубайшының 20 жасары ұлы Рихарц Платц болып шықты. Эрдман анасы жағынан нағашы атасын бұрын білмеген екен. Хат салынған бөтелкені судан неміс балықшыларының бірі шығарып алды. Қағаздың біраз бөлігін оқу мүмкін болмады. Сия уақыт табымен ылғалдың әсерінен өшіңкіреп кеткен. Дегенмен салыстырмалы сараптама бұл хаттың авторы Платц екенін қуаттады.

Гамбургтегі теңіз мұражайына келушілер бұл олжаны 1 мамырға дейін көре алады. Содан кейін мамандар ашық хатқа жазылған мәтіннің қалған бөлігін анықтауға тырысады. Рихард Платцтың осы хатына дейін Гиннестің рекордтар кітабына сәйкес, 1914 жылы жазылған хат әлемдегі ең ежелгі деп есептеліп келді. Ол хат теңізде 98 жылға жуық жатқан болатын.