29 қазан күні рейдтік шара барысында «Ерейментау-Көкшетау» және «Астана-Қарағанды» бағытындағы жолаушылар поезы тексеріліп, Астана станциясының 10-ауданында азаматтардың темір жол бойындағы белгіленбеген жерлерден өтуінің, жарақат алуының, жолаушылар поезындағы шұғыл тежеу және терезе сындырудың алдын алу бойынша іс-шаралар жүзеге асырылды. Сондай-ақ темір жол вокзалындағы ұсақ құқықбұзушылықты болдырмау жұмыстары жүргізілді. Мәселен, рейд кезінде темір жол бойындағы белгіленбеген жерден өткен Астана қаласының 50 жастағы тұрғыны ұсталып, ҚРӘҚБтК 439 бабының 5 бөліміне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Рейдтің алғашқы күнінде Көліктегі ІІД қызмет көрсету аумағында 289 құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 26-сы ұсақ бұзақылық жасағандар, 63-і қоғамдық орындарда ішімдік ішкен, 34-і тыйым салынған жерлерде шылым шеккен, сонымен қатар түнгі уақытта үлкендердің қарауынсыз жүрген 4 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды.
Көліктегі ІІД қызмет көрсету аумағында Департамент қызметкерлері темір жолға жақын тұратын тұрғындармен 42 кездесу өткізіліп, құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» принципінің негізінде атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығын түсіндірді.