Комитеттен хабарланғандай, Қарағанды облысының Жезқазған қаласында пештің жөнделмеуі салдарынан қатты отын жанбай қалып, 2007 жылы туған бала ыс тиіп, ауруханаға түскен. Сол секілді Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха қаласындағы екі қабатты тұрғын үйде жөнделмеген пештегі оттың салдарынан 2015 және 2018 жылы туған балалар ыс тиіп, ауруханаға жеткізілген. Осындай жағдай Семей қаласындағы Жастық ауданында тіркеліп, 2001 жылғы қыз бала зардап шеккен. Ал Қызылорда қаласындағы Махамбет ауылындағы жеке тұрғын үйде 1993 жылғы бойжеткен мен 2017, 2019 жылғы балалар ыс тиіп, ауруханаға түскен.
«Барлық жағдайда түтіннің шығуына арналған орынның тазаланбауы себеп болып отыр», - дейді комитеттен.
Айта кетсек, республикалық барлық өңірлерінде қазіргі уақытта төтенше жағдай қызметінің мамандары қауіптің алдын алу шараларын жүргізіп жатыр. Мәселен, кеше ғана сенбі күнгі демалыста Астана қаласының төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері елорданың жеке тұрғын үй секторында ауқымды рейд жүргізді. Мамандар ең алдымен астаналықтарға өрт пен ыстан қалай қорғану керектігін түсіндіріп жатыр. Оның үстіне, кемшіліктер қанша анықталып жатса да, департамент қызметкерлері жазалауды көздеп отырмағанын айта кету керек.
Өрт пен ыс қаупінің алдын алу үшін мамандар біршама маңызды кеңестерді ескеру керектігін айтады.