«Бүгін Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университеті қабырғасында SURacingTeam студенттер командасының iSUPrototype 1.0. автомобилінің таныстырылымы өтті. Аталған прототиптің бірегейлігі сол, көлік экологиялық таза отын түрі - этанолмен жүреді. Бұл отын қант құрағын, жүгеріні немесе қызылшаны өңдеу арқылы алынады. Ал болидтің бірегей қозғалтқышы 1 литр бензинмен 200 шақырымнан астам қашықтықты еңсеруге мүмкіндік береді», - деп жазды SatbayevUniversity.
Болидті (жарыс машинасы) SatbayevUniversity ерікті студенттері 3 айда құрастырған. Машинаның моторы Hondaaf55e қозғалтқышы негізінде жасалған. Алайда, әрбір бөлшегін өзгертіп, болидке қажет сипаттамаларға бейімдеуге тура келген. Қаңқасы арнайы дюралюминий құбырлардан, ал корпусы - шыны пластиктен жасалған. Жүргізуші орны алдындағы шыны поликарбонаттан жабылған.
Аталған прототип қолданыстағы отын түрлерін дамыту, жаңа түрлерін табу мақсатындағы жыл сайынғы марафонға қатысу үшін құрастырылған. Онда 1 литр жанармаймен ұзағырақ қашықтыққа жүретін автомобиль жеңіске жетеді. Марафон 1939 жылдан бері Детройт, Лондон, Сингапур, Рио-де-Жанейро қалаларында өткізіліп келеді. Биыл бірінші турнир Сингапурде 8-11 наурыз күндері өтпек.
«Біздің міндетіміз - Қазақстандағы автомобиль құрастыру ісін дамыту. Сондай-ақ, елімізде отынның экологиялық таза түрлеріне көбірек көңіл бөлінгенін қалаймыз. Біздің болид ғана емес, жазда өткен EXPO-2017 көрмесі де болашақта таза отын түрлеріне басымдық берілетінін көрсетті», - дейді SU Racing Team командасының капитаны Әлібек Саматұлы.