Жыр сайысы шетелдерде тұратын отандастарымыздың қатысуымен өтетін халықаралық өнер фестивалінің аясында ұйымдастырылып отыр. Байқаудың мақсаты - ақындық өнерді насихаттау, шетелдегі қазақ ақындарын байқауға қатыстыру арқылы олардың отаншылдық сезімін ұштап, атажұртына деген сүйіспеншілігін арттыруға, мемлекеттік тілдің мәртебесін одан әрі көтеруге, әлі таныла қоймаған жас дарындарды анықтауға септесу. Байқау үш кезеңнен - үш өлеңнен тұрады. «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» тақырыбындағы бірінші өлеңде атамекен, ел мен жер, елдік, патриоттық мәселелерді жырлауды өзек ету қажет. Екінші өлең - шетелдегі қандастар тағдыры мен көші-қон туралы болуы тиіс. Үшінші өлең - еркін тақырыптағы өлең. Байқаудың шарттары бойынша оған шетелдердегі отандастарымыз, әр мемлекеттен бірнеше ақынға дейін қатыса алады, байқауға қатысушылар өздерінің байқаудың ережесіне сәйкес өлеңдер оқиды. Қазылар алқасы белгіленген Бас жүлдеден басқа орындарды үміткерлерге бөліп беруге құқылы, байқау жабық түрде бағаланады. Мүшәйраға жасы 35-ке дейінгі шетелде тұратын немесе елімізден тыс аймақтарда туып-өскен, қазір атажұртқа оралған жас қазақ ақындары қатыса алады. Байқауға қатысушылар 2014 жылғы қазан айының 8 күні Астана қаласына келіп, тіркелуі қажет. Жеңімпазға бас жүлдеге - 150 000 теңге, І орын үшін - 100 000 теңге, ІІ орынға - 80 000 теңге, ал ІІІ орын үшін 50 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар беріледі. Өтініштер 2014 жылдың қыркүйек айының 30 жұлдызына дейін қабылданады, деп хабарлайды Әдебиет порталы.
07:53, 12 Қыркүйек 2014
«Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» жыр мүшәйрасы жарияланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің қолдауымен және Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығының ұйымдастыруымен Астана қаласында 9 қазан күні «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жыр мүшәйрасы өткізіледі.