«Бір өзінде 70 миллион теңгенің киімі бар» - БАҚ-қа шолу
***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, қазір Оралда қалаішілік автобустардың жолақы құны - 50 теңге. Соңғы кезде осы баға 70-80 теңгеге дейін өседі екен деген алыпқашпа әңгіме айтылып жүр. Осы орайда газеттің Батыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі Темір Құсайын Орал қаласы әкімінің орынбасары Ғалым Орынғалиевке аталған мәселеге байланысты сауал қойған екен. «Иә, бұл мәселе өткен аптада Орал қалалық мәслихаты тұрақты комиссиясының кеңейтілген мәжілісінде талқыланды. Оның өткізілуіне Орал қаласында жолаушылар тасымалы тарифтеріне қатысты туындаған түйткілдер себеп болды. Мысалы, облыс орталығындағы жүргіншілер тасымалын ұйымдастырумен айналысатын ірі кәсіпорын басшылары жолақы құнын 74,4 теңгеге көтеру қажет деген ұсынысын жеткізді. Олар мұның себебін жанармай бағасының көтерілуімен, еңбекақы төлеуге және жаңадан алынған автобустардың қарызын жабуға қажетті қаржының жеткіліксіздігімен байланыстырады. Бұған қоса, коммуналдық қызмет түрлері ақысы және автокөлік пен жолаушыларды сақтандыру құны шарықтап өсіп отырғанда бағаны едәуір мөлшерде өсірмеу еш мүмкін емес деп тұжырымдайды олар.Қалалық мәслихат депутаттары автокөлік иелері ұсынып отырған баға нақты жағдай мен есептерге сәйкеспейді деп санайды», - дейді әкімінің орынбасары. Мақала «Оралда жолақы көтеріле ме?» атты тақырыппен берілген.
Осы басылымда «Өткен жыл қорытындылары не дейді?» деген тақырыппен мақала жарық көрді. «Жаһандық қаржы дағдарысы басталғаннан кейін төрт жыл өткенде әлемдік экономика сол баяғы тұрақсыз күйінде қалып отыр, ал табыстарының деңгейі жоғары елдердегі өсім бұрынғысынша әлі де оншалықты айтарлықтай емес. Осындай пікірлер келтірілген Дүниежүзілік банктің таяуда жарияланған «Жаһандық экономикалық перспективалар» атты баяндамасында дамушы елдерге еуроаймаққа және АҚШ-тың салықтық-бюджеттік саясатына байланысты тәуекелдерді азайту үшін күш-жігерді буферлік механизмдерді нығайтумен қатар, өзінің экономикалық өсу әлеуетін дамытуға шоғырландыру қажет екендігі атап көрсетілген»,-деп жазады газет.
«Экономиканың қалпына келу үдерісі ахуалды тез арада жақсарту және неғұрлым сенімді экономикалық өсімге қайта оралу перспективаларын күңгірттендіре отырып, тұрақсыз және белгісіз күйінде қалуда, - деп мәлімдеді Дүниежүзілік банк тобының президенті Джим Ен Ким. - Осы уақыттарға дейін дамушы елдер ерекше тұрақтылық танытты.
***
«Расында да, 70 миллион теңгенің киім-кешегін иеленіп отырған Қазақтың мемлекеттік Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрын қалай мақтасақ та жарасады. Бұл жерде өнерді өркендетуге үлес қосқан режиссерлер мен артистердің бәрі де атақсыз қалмаған. Шетінен шебер»,-деп жазады «Айқын» басылымы бүгінгі санында басылған «Бір өзінде 70 миллион теңгенің киімі бар» атты мақалада. Олардың арасында Серке Қожамқұлов, Хадиша Бөкеева, Шара Жиенқұлова, Ыдырыс Ноғайбаев, Зәмзәгүл Шәріпова, Бикен Римова, Сәбира Майқанова, тіпті бүгінгі Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Нүкетай Мышбаева секілді театр тарландарының әр спектакльде киген киімінен бастап, қолына ұстайтын бет-орамалына дейін білген кісіге бағалы дүние.Тіпті сол киімнің немесе заттың әрқайсысын өнерсүйер қауым арасында ашық саудаға салып жіберсеңіз, әп-сәтте миллиондаған теңгеге сатылып кетуі де мүмкін...
Осы басылымда «Қаріптен туатын қауіп...» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Қазір қайда барсаңыз да латын қарпіне көшуге байланысты әңгіме көп. Қолдайтындар да бар. Қарсылар да жетерлік. Әліпби реформасы әлденеше рет жасалды. Арабша төте жазудан латыншаға, одан кириллицаға өттік. Енді қайтадан латын қарпін негізге алсақ деп жатырмыз. «Алаш зиялылары да бұл мәселе төңірегінде талай пікірталас жасаған. Тіл ғылымының негізін түзуші Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі ерен. Алғашқы арабша төте жазу үлгісі осы кісінің арқасында өмірге келді. Кейін латын қарпіне көшкенде де Ахаңның ілімі үлкен көмек болды. Кириллицаға көшу арқылы да қазақ қауымы өркениет көшінен қала қойған жоқ. Ендігі таңдау - латын қарпіне түсіп отыр. Біреулер «бұл оп-оңай нәрсе, латынды бұрын да пайдаланғанбыз» дейді. Енді біреулер «латын қарпіне көшсек, қаншама жыл жинақталған ұлттық құндылықтарымыздан айырылып қаламыз» дегенді айтады. Екеуінің де жаны бар, бірақ бұл мемлекетіміздің стратегиялық мақсатына еш кедергі бола алмайды»,-деп жазады газет.
***
«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, ақпараттық технологиялар дәуірі аса жоғары қарқынмен сатылап дамып келе жатқан қазіргі кезеңде кейінгі ұрпақтың ұлттық көркем әдебиеттен біршама алшақтап қалғаны анық байқалады. Бүгінде қара сөздің қөаймағын сапырған әдеби көркем дүниелер оқылмайды деген пікір бар. Дегенмен отандық интернет сайттары мен әлеуметтік желілерде қазақ қаламгерлерінің поэзиялық, прозалық, драматургиялық және сын-сықақ шығармалары молынан жарияланып жүр. Ғаламторда әдебиет туралы ой-пікірлер де жиі ортаға салынып, жекелеген үлкенді-кішілі қаламгерлер өз сайттарын ашуда. Осыған қарап, «қазіргі әдебиет интернетке ойысып бара жатқан жоқ па» деген де ой қылаң береді. Интернеттегі оқырмандар контингентінің талғамы қай деңгейде? Жалпы, біз интернетті әдебиет пен руханият игілігіне пайдалана аламыз ба?
Басылымда «Кітап интернетке жол бере ме?» деген тақырыппен берілген мақалада бірқатар саланың мамандары өздерінің пікірлерімен бөлісіп отыр.