Бір шаңырақтың астына біріктіретін ұлы күш - мемлекеттік тіл - И. Елекеев

АСТАНА. 10 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Ирак Елекеев тіл мәселесін көтеріп, еліміздің қорғаныс саласында қазақ тілін тереңірек енгізу мәселесін атап өтті.

«Ұлт пен ұлтты бір-біріне деген сыйластық пен сенім, салт-дәстүріне көрсетілген құрмет жақындастыратыны анық. Сонымен қатар бір шаңырақтың астына біріктіретін ұлы күш - мемлекеттік тіл. Соңғы жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлердегі бірлестіктері де, әр түрлі ұлттардың мәдени орталықтары да өз тілдері мен салт-дәстүрін жаңғыртумен қатар өз іштерінде арнайы курстар ашып, мемлекеттік тілді меңгеру үстінде. Бұл жақсы бастама. Адам тілді білген сайын сана-сезімі толыға түседі, өзге ұлттардың жан-дүниесін түсінеді. Өмірде өзіне жақын достар жинайды. Қызмет барысында да тілді білгеннің тиімділігі өте зор. Осыны ұғына білген өзге ұлт өкілдері «Қазақстанда тұрып, өз елімнің тілін білуім керек!» деген патриоттық сезіммен мемлекеттік тілді ешқандай қиындықсыз меңгеріп алуда. Қазір қазақ тілінде еркін сөйлей алатын қазақстандықтар өз тілін үйренуге талпыныс жасамай жүрген кейбір қандастарымызға үлгі болып отыр», - деді депутат.

Сонымен қатар, И. Елекеев қосымша қаржы бөлмей-ақ мемлекеттік тілді үйренгісі келетін азаматтарға көмек көрсету қажеттігін алға тартады. «Мәселен, орыс және басқа ұлттар тілінде дәріс беретін мектептерде ашық сабақтар мемлекеттік тілде жүргізілсе, ол да бір игілікті іс болар еді. Орта арнаулы және жоғары оқу орындарында саяси және мәдени іс-шараларды мемлекеттік тілде өткізу қолға алынса, ол да оң бастама болатыны сөзсіз», деді ол. Бұдан бөлек, депутат тілді үйренудің тағы бір әдісі ретінде қорғаныс саласының қызметін толықтай мемлекеттік тілге көшіру керектігін алға тартты. «Яғни, әскери комиссариаттан бастап азаматтарымыз қазақ тілінде қабылдануы тиіс. Бүгінгі таңда әскерде сапқа тұруға, жүруге берілетін бұйрықтар ғана мемлекеттік тілде айтылып жүр. Ол аздық етеді. Сондықтан әскери өмірдің тыныс-тіршілігі мемлекеттік тілде жүргізілуі керек. Қазақстанның және әлемнің саяси жаңалықтары, еліміздің ішкі және сыртқы жағдайы туралы мәліметтер айтылатын саяси жаттығу сабақтары мемлекеттік тілде өткізілсе, тілді үйрену үшін бірінші кезекте жауынгерлерімізге жасаған көмегіміз болар еді», - деді И. Елекеев.