Бір сиырмен зейнетке шыға аламыз ба? - баспасөзге шолу

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 24 қаңтар, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

* * *

«Егемен Қазақстанның»
бүгінгі санында «Мұқағали мен Фариза» деген тақырыппен белгілі ақын Фариза Оңғарсыновамен болған сұхбат жарияланыпты. Онда Ф. Оңғарсынова қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевпен екеуінің арасындағы қарым-қатынас туралы егжей-тегжейлі баяндайды. «Мұқаң екеуміз рухани өте жақын, туыс адамдармыз. Ол өзінің соңында келе жатқан маған, менің шығармашылығыма өз жүрегінің сәулесін түсірді. Өмірде қараңғыда жарқ етіп бір нүктеге түскен электр жарығындай құбылыс болады. Осылай Мұқағали біреу түсініп, біреу түсіне алмай жүрген менің жырларыма деген жалпы халықтың ықыласын оятты. Сырттай тон пішуге келгенде алдарына жан салмайтын біреулер осы жайды алаулатып-жалаулатып «Мұқағали мен Фаризаның арасында махаббат болған екен» деген сияқты сөздің отына май құйды. Оған менің кезінде Мұқаңның поэзиясы, прозасы туралы біраз мақалалар жазғаным да әсер еткен сияқты.

Кейбіреулер (негізінен журналистер) Мұқағалидің маған деген тілеулестігін, сезімін қызғанып, халықтың арасына басқа пікір тарату мақсатында ойдан оқиғалар шығарған кездер де болды. Аға мен қарындастың, ақын мен ақынның бір-біріне деген шынайы ықыласына сүйсініп қызығудың орнына, қызғаныштың қызыл итін үргізуге тырысқандар өздерінің қара ниеттерінің жазасын Алла тағаладан алды да....», - дейді Ф. Оңғарсынова.

Сондай-ақ сұхбаттан Мұқағалидің тарихи жәдігерге айналған «Фаризаға» деген өлеңі туралы да оқып білуге болады.

Сонымен қатар, аталмыш басылымда «Қазақтан шыққан Стив Джобс» деген тақырыппен Ресейдің «Жыл кәсіпкері» атанған Санкт-Петербургте тұратын бауырымыз Серікбай Бисекеев туралы мақала берілген.

Газеттің жазуынша, әлемдегі аса ірі «Эрнст энд Янг» консалтингтік компаниясының ұйымдастыруымен Ресейде өткен ең үздік кәсіпкерлерді айқындау жөніндегі конкурстың қорытындыснда «В2В» номинациясы бойынша бас жүлдені Санкт-Петербург қаласындағы кәсіпкер Серікбай Бисекеев жеңіп алды. Ол жүлде бизнес саласындағы Оскар деп аталады.

«Серікбай Бисекеев өнеркәсіп саласындағы мобильдік байланыс құралын шығаратын және оны әлемдік деңгейде саудалайтын дүниежүзіндегі бүгінгі таңдағы ең үздік холдингтік корпорацияны құрды және оны тақыр жерден дүниеге әкелді. Міне, осы үлкен жетістікті қазақтың қарапайым жігіті жасады», делінген газетте.

Мақалада Серікбай Бисекеев бұл корпорацияны қалай құрды? Және аз жылдың ішінде осы құрылымды қалайша әлемдік көшбасшылардың біріне айналдыра білді? деген сауалдарға толық жауап беріледі.

* * *

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында «Бір сиырмен зейнетке шыға аламыз ба?» деген тақырыппен мақала беріліп отыр.

Газеттің жазуынша, соңғы деректерге сүйенсек, еліміздегі жұмыссыздар саны 467,8 мың адамды құрап, жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халық санының 5,2 пайызын құраған. Әйтсе де мамандар шын мәнінде бұл статистиканың бұл мөлшерден әлдеқайда көп екенін айтады. Өйткені халқымыздың 47 пайызының ауылда тұратынын, ал ауылдық жерде жұмыс көздерінің жоқтығын есепке алсақ, мамандардың бұл пікірі қисынды көрінетіні рас. Ауылдық жерде жұмыссыздық мәселесінің күрделі екенін ескерсек, мамандардың «жұмыссыздық деңгейі ресми түрде 5-6 пайыз деп көрсетілгенімен, шын мәнінде, оның деңгейі 18-20 пайыздан кем емес» деп дабыл қағуының сырын түсінуге болады.

«Оның үстіне, жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов мырзаның «Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың екі түрі бар. Бірінің жұмысы өнімді болса, екіншісінікі - өнімсіз. Мысалы, қорасында бір сиыры бар шаруа өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған болып саналады. Бірақ егер сиыр асырап отырған адам табыс көріп отырса, «тауар-ақша-тауар» схемасы бойынша жұмыс істесе, ол өнімді жұмыспен қамтылып отыр. Ал егер сиырдың сүті өзі мен отбасынан артылмайтын болса, оның жұмысы өнімсіз» деп, қорасында бір сиыры барларға шейін жіктеп, жұмысы барлардың қатарына қосуы жұмыссыздар санын азайтып көрсетуге себеп болып отырғандай», - дейді автор.

Сонымен қатар, аталмыш басылымның тұрақты «Ой-көкпар» айдарында «Жылжымайтын мүлікті бөгде адамдардың сенімхат арқылы сатуына тыйым салу керек пе?» деген тақырыпта пікірлер берілген. Басылымның жазуынша, соңғы кездері елімізде жылжымайтын мүлікті сенімхат арқылы бөгде біреулердің сатуына қатысты даулар күрт көбейген. Алаяқтардың жалғызбасты қарт кісілер мен жетім балалар үйі тәрбиеленушілерінің жылжымайтын мүлкін алдап-арбау арқылы бірнеше адамға қатар сатуы «жылжымайтын мүлікті бөгде адамдардың сенімхат арқылы сатуына тыйым салу қажет» деген пікірдің туындауына себеп болып отыр. Әйтсе де қоғамымызда «бар мәселе сенімхатта емес, осы салаға қатысты тиісті қадағалау жұмыстарының өз деңгейінде болмауында, қадағалау жұмыстарын күшейту арқылы мәселені шешуге болады» дейтіндер де бар.