Бір тәулік ішінде 75 шекара бұзушы ұсталды
13:47, 13 Қазан 2016
АСТАНА. ҚазАқпарат - ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің шекаралас аумақтарындағы заңсыз қызметтің алдын алуға бағытталған «Бірлік-2016» бірлескен шекара операциясы аясында қазақстандық шекара сақшылары бір тәулікте құқық бұзушыларды ұстап, темекі өнімдерін алып өтушілердің жолын кесті, есірткі заттарын тәркіледі.
Бұл туралы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Қызметтік-жауынгерлік іс-шаралар нәтижесінде Мемлекеттік шекара қызметкерлері бір тәулікте 75 құқық бұзушыны ұстады - Армения, Беларусь, Грузия, Түркия, Украина, Оңтүстік Корея және Оңтүстік Африка Республикаларының азаматтарының құқық бұзу фактілері тіркелді.
Сонымен бірге, шекара аумағындағы заңсыз әрекеттері үшін Әзербайжанның екі азаматы, 3 Израиль, 3 Қытай, 3 Қазақстан, 17 Қырғызстан, 5 РФ және 35 Өзбекстан азаматы ұсталды.