Бір тәулікте 6 адам суға батып кетті, араларында бала бар

АСТАНА. 17 маусым. ҚазАқпарат - Тәулік ішінде 6 адам суға батып кетті, араларында бала бар, деп хабарлады  ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен.

Кеше, Астанада Оңтүстік-Шығыс шағынауданында 40-45 жастағы азамат белгісіз жағдайда суға батып кетті. Оның мүрдесін ҚР ТЖМ мамандары алып шықты.

Дәл осы күні Ақмола облысына қарасты Қосшы ауылында 32 жастағы азамат Нұра өзеніне батты. Оның мүрдесі жергілікті тұрғындардың күшімен шығарылды.

16 маусым күні Теміртау қаласындағы Самарқанд су қоймасында суға шомылған 29 жастағы жігіт тұншығып өлді. Азаматтың денесін судан ҚР ТЖМ Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департментінің суда құтқару мамандары шығарды.

Сонымен қатар Қостанай облысына қарасты Буревестник ауылында 10 жасар бала, ал Оңтүстік Қазақстан облысының Қыземшек ауылында Шу өзеніне 18 жастағы жасөспірім батып кетті. Олардың  мүрдесін жергілікті тұрғындар судан шығарып алды.