Бір тәулікте Қазақстанда алты адам суға кетті, оның ішінде 7 жасар бала бар - ТЖМ

АСТАНА. 26 маусым. ҚазАқпарат - Бір тәулік ішінде Қазақстанда алты адам суға батып кетті, соның ішінде 7 жасар бала бар, деп хабарлады ТЖМ-нің баспасөз қызметінен.

Дүйсенбі, 25 маусым күні Астанада Көктал кентінің аумағында Есіл өзеніне шомылу кезінде 29 жасар ер адам батып кетті. Оның денесі судан ҚР ТЖМ Астана қалалық ТЖД судан-құтқару қызметінің 5 адамы мен 1 техникасының көмегімен шығарылды.

Сол күні Ақмола облысы, Зеренді ауылындағы Зеренді көліне 30 жастағы ер адам батып кетті. Оның денесі жер бетіне ҚР ТЖМ Ақмола облыстық ТЖД судан-құтқару қызметінің 3 адамының көмегімен шығарылды.

Дүйсенбіде Алматы облысындағы Жетіген ауылында орналасқан  «Солнышко» демалыс аймағында 2005 жылы туған бала суға кетті. Оның денесі демалыс аймағындағы судан-құтқару қызметінің күшімен шығарылды.

Алматы облысындағы Ақши кентінде орналасқан «Ақши мекені» шаруа қожалығында тоғандағы суға шомылу кезінде 48 жастағы ер адам мерт болды. Оның мәйітін шығаруға ҚР ТЖМ Алматы облыстық ТЖД-ның 3 адамы мен 1 техникасы жұмылдырылды.

Қызылордадағы Қалғандария арнасында дүйсенбі күні 21 жасар азамат суға кетті. Оның мүрдесі ҚР ТЖМ Қызылорда облыстық ТЖД судан-құтқару қызметінің 4 адамы мен 1 техникасының көмегімен шығарылды.

Сол күні, Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Бидайық ауылындағы тоғанға шомылу кезінде 44 жастағы ер адам көз жұмды. Оның денесін судан жергілікті тұрғындар алып шықты.