АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 25 қазан – Республика күніне орайластырылған «Қыран далам – Қазақстан» атты салтанатты жиын өтті. Онда әр салада жұмыс істейтін бір топ атыраулық мемлекеттік наградамен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өңір жұртшылығын Ұлттық мерекемен құттықтап, оны атап өтудің мәніне тоқталды.
«Араға өткен бірнеше жылдан соң тарихи шешім қабылданып, әділдік салтанат құрды. Бұл – Республика күнін ұлттық, мемлекеттік мереке дәрежесінде атап өтудің мәні өте зор. Бүгінгі жетуіміз үшін рухы биік халқымыз қиындықты еңсеріп келеді. Ұлы даламызды сақтап қалған ұлы күш – халқымыздың асқақ рухы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Республика өз ісіне жауапты азаматтардың ортақ іс-әрекетінің арқасында құрылады. Өйткені, азаматтар – мемлекеттің арқауы. Азаматтары болмаса, мемлекет те болмайды» деді. Демек, ұлы міндеттер мен мақсаттарға ұмтылған халық қана өз дегеніне жете алады. Ең бастысы, ортақ шаңырағымыз – тәуелсіз Отанымыз ырысқа кенеліп, көк байрағымыз биікте желбірей берсін», -деді Серік Шәпкенов.
Салтанатты шарада мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін 33 атыраулық марапатталды.
Мәселен, «Парасат» орденіне облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айгүл Әжіғалиева ие болды. «Құрмет» ордені «Амангелді атындағы» ЖШС директоры Айгүл Әмірғалиеваға, «Казкомсервис»ЖШС құрылтайшысы Қайыржан Құлтекеновке, «SPC Harmony Schools» ЖШС-нің атқарушы директоры Эльма Исмаилға, еңбек ардагері Мәлік Сүлейменовке табыс етілді.
Ал, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-нің бас технологі Жәмила Исағалиеваға, «ИСИГипсИндер» ЖШС-нің 6-разрядты слесарі Ниолай Кидалов пен «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің қондырғы машинисі Рахмет Түсіповке берілді.
Сондай-ақ, бір топ азамат «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медалімен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Әнші Гүлмайдан Сүндетова Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды.
Жолдасбек Шөпеғұл
1993 жылы әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын 1993 жылы республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде тілші болып бастаған. 2020 жылғы ақпаннан бері «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігінде Атырау облысындағы тілшісі болып жұмыс істейді.