Бір уақытта дәріхана мен ақша айырбастау пунктін тонаған қылмыскерлердің біреуі қамауға алынды - ҚР ІІМ

АСТАНА. Маусымның 22-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Маусымның 8-і күні Шымкент қаласында «Сәт-Өмір» дәріханасы мен осы ғимаратта орналасқан ақша айырбастау пунктін тонаған қылмыскерлердің біреуі қамауға алынды.


Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі  істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің басшысы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оның айтуынша, сол күні бетперде киген үш адам «Сәт-Өмір» дәріханасында сатушыны пышақпен қорқытып, 150 мың теңгені, одан кейін осы ғимаратта орналасқан ақша айырбастау пунктінің кассирін соққыға жығып, 349 мың теңгені алып кеткен. «Жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде маусымның 17-сі күні осы қылмысқа қатысы бар Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауылының 18 жасар тұрғыны ұсталды. Одан ұрланған ақшаның жартысы алынды. Қазіргі кезде өзге қылмыскерлерді іздестіру амалдары жүргізілуде», - дейді Қ.Жұманов.