Бір үйден екі ағайынды «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасынан көрінді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Семей қаласынан келген ағайындылар - ақын Ержан Жұмабек пен полиглот Қуаныш Жұмабек «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Айта кетсек, бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «100 жаңа есім» жобасында іріктелген 102 жеңімпазбен кездеседі. Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр.

«Бала кезден айтыста көп жүрдік. Бертін келе жазба поэзия мен ғылымға бет бұрдық. Қазіргі уақытта Түркия елінде докторантурада оқып жатырмын. Еліміздің үздік есімдерінің қатарынан көрініп отырғанымызға, еңбегіміздің еленгеніне шүкір дейміз. Қасымдағы туған інім - ғалым, полиглот, аудармашы әрі докторант. Төрт тілді еркін меңгерген. Екеуіміз де бала кезден атқа отырып, ауылда өскен баламыз. Бала кезде екеуіміз жарысып түннің бір уағына дейін кітап оқитын едік. Жыр-дастандарды, Абай, Шәкәрімнің өлеңдерін жаттап өстік», - дейді Ержан Жұмабек.

Ақын Ержан Жұмабектің 2012 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен «Шексіздік шұғыласы» атты кітабы жарыққа шыққан.

«Ол кітап 2017 жылы түркі ағайындардың қолдауымен түрік тілінде басылып шықты. 20 қараша күні «Шексіздік шұғыласы» кітабымның түрік тіліндегі нұсқасының тұсауы кесілді. Кайсери қаласында шығармашылық кешім өтті. Қазақтың жас ақындарының шығармашылығына деген түрік ағайындардың қызығушылығы ерекше екен», - дейді Шығыс Қазақстанның жігіт сұлтаны, Аламан айтыстың жүлдегері, «Серпер» сыйлығының иегері Ержан Жұмабек.

Ал Ержанның төрт тілді меңгерген туған бауыры Қуаныш Жұмабектің бірінші кітабы «Ағылшынша үйренейік» деп аталады екен.

«Бұл кітаптың ерекшелігі - ағылшын тілінің грамматикасын басқа тілге сүйенбей тек қазақ тілінде түсіндіретін оқулық болып табылады. Демек, кітабым қазақ аудиториясына арналған. Сонымен бірге, бұрын-соңды аударылмаған қазақ ертегілерін ағылшын тіліне аударуды бастадым. Нақтырақ айтқанда, «Алтын сақа» секілді ертегілер бар. Ағам Ержан Жұмабектің «Шексіздік шұғыласы» кітабын түрік тіліне, елімізге белгілі Құл-Керім Елемес ағамыздың «Шырағым-ай» атты әңгімелер жинағын ағылшын тіліне аудардым. Түріктің атақты драмматургтарының шығармаларын қазақ тіліне тәржімалап жатырмын», - дейді Қуаныш.

Қуаныш алдағы уақытта Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романын қайта ағылшын тіліне аударуды қолға алмақ екен. Бұл жоспарының неден туғанын полиглот былайша түсіндіреді.

«Өз басым аудармаға кіріспес бұрын қазақ және ағылшынның танымал романдарын көптеп оқыдым. Мен үшін аударма қиынға соғады деп айта алмаймын. Мәселен, кейбір ағылшын тіліне аударылған кітаптарда киіз үй деген сөз «тенд» деп берілген екен. Ал «тенд» деген сөз «шатыр» деген мағынаны білдіреді. Яғни, көптеген аудармалардың меніңше, мағынасы ашылмаған. Сондықтан, аудармаға алдағы уақытта баса ден қойсам деймін», - дейді Қуаныш Жұмабек.