Бір жарым ғасыр бұрын Бурабайдың атауы басқа болған - Зарқын Тайшыбай

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Қазақстанның інжу-маржаны саналатын Бурабайдың атауы осыдан бір жарым ғасыр бұрын басқа болған. Еліміздің үздік өлкетанушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Зарқын Тайшыбай шамамен екі ғасырдың ішінде Солтүстік Қазақстандағы топонимикалық атаулардың көпшілігі өзгертілгенін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстанның табиғаты қандай әсем, қалың орманға, өзен-көлге бай болса, бұл жердің тарихы да, мекен еткен адамдарының, қоғамдық-саяси құрылысының мемлекеттік тарихы өте қызық. Зарқын Тайшыбай мұның әрқайсысын жеке-дара зерттеу керектігін айтады, зерттеп те келеді.

«Ел Тәуелсіздік алғанға дейін өңір тарихы зерттелмеген, тексерілмеген. Жергілікті өлкетанушылар «Солтүстік Қазақстан», «Солтүстік Қазақстанның қақпасы», «Аққайыңдар өлкесі» деген деп аталған еңбектерінің бәрінде бірде-бір қазақтың атын атамайды. Сонда бұл жерде бұрын қазақ тұрмаған сияқты. СҚО-ның тарихы 1752 жылы әулие Петр бекінісінің орнауынан басталмайды. Бұл - байырғы қазақтың ұлан-ғайыр, шұрайлы жерлерінің құнды, қасиетті бір бөлігі болып табылады. Сондықтан да жат жұрттықтарды қызықтырып, дәл осы арадан сондай бекініс салынуының өзі біздің табиғи ерекшеліктерімізге байланысты. Содан бергі тарих бір бөлек, оған дейінгі тарих бір бөлек, соны астастыра, қабаттастыра зерттеу мәселесі осы уақытқа дейін әлі де кенже жатыр. 1917 жылдан бастап бұл өңірде қазақ тұрмағандай әсер берді, тек аракідік Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, кейінде Мағжанды ғана айтып келе жатырмыз. Шын мәнінде зерттеуге тұратын жағдайлар көп», - дейді Зарқын Тайшыбай.

СҚО-да орысша аталған жер-су атаулары көп. Өңірге алғаш аяқ басқан адамның байқайтыны - жол бойындағы орысша аталған елді мекендердің атаулары. Өлкетанушының айтуынша, шын мәнінде осы жерлердің бәрінің атауы болған. Осыдан 2-3 жыл бұрын жарық көрген «Атамекен атаулары» деген монографиясына Зарқын Тайшыбай 2,5 мың топонимикалық атауларды енгізген. Қызылжар өңіріндегі жер-судың атаулары, өзен-көлдердің, тіпті, томарлардың, қамыстарға дейін аттары болған екен.

«Бұл ұмытылған атауларды қазір қайталаудың, жарыққа шығарудың қандай маңызы бар деген біреулер пікір айтады. Сонда біз рухани жаңғыру деп мемлекет бойынша бір сілкініс жасап, рухани жаңғырып жатқан кезде, қазіргі ұрпаққа қазақ даласындағы жер астындағы алтын-күмісі қандай қымбат болса, жердің үстіндегі рухани байлық болып табылатын жер-су аттары, олардың көбі кісі аттарымен аталған. Мысалы, тек антропонимдер - кісі аттарына байланысты қойылған жер атауларының өзі 700-ден асады. Мәселен, Ақбайдың жары, Қасеннің құдығы, Жабайдың көлі, Қадірдің құмы деген сияқты антропонимдер ол бір жақтан келген кісілердің аты емес, сол жерде туып-өскен, осы СҚО аймағында тұрып, осы жерді көркейткен, осы жерде тірлік еткен ата-бабаларымыздың есімдері. Ал қазір осы облыста қазір еңбек етіп жатқан азаматтар - солардың ұрпақтары. Яғни, жер-су атаулары тарихпен тығыз байланысты.

Астық керек, кен керек, алайда қазір рухани байлық керек болмай қалды. Мен - сауатты, көзі ашық, оң-сол қолын танитын, келешегін ойлайтын, білімге жаны ашитын азаматтарды осыған көңіл аудартар едім», - дейді профессор.

Солтүстік Қазақстан облысының жері - орманды-далалы алқап, ағашы көп, сондықтан жер-су аттары көбіне ағаштың түрлеріне байланысты Аққайың, Шоққайың, Бесқайың болып келеді. Өлкетанушының айтуынша, мұндай атаулар басқа өңірлерде, айталық Түркістан облысында, Алматы облысында жоқ.

«СҚО-ның қазіргі аумағында 3 мыңға жақын көл болса, соның 2 мыңға жуығы қысы-жазы тартылмайды. Осы көлдердің ерекшеліктеріне байланысты Ұзынкөл, Тұщыкөл, Тереңкөл және тағы да антропонимдік - кісі аттарына қойылған: Хасенкөл, Ахметкөл, Ыбырайкөл және т.с.с. Жер-су атауларын зерттегенде жаңа бірталай атаулар шықты. Мысалы, Бурабай дейміз ғой, ол Бурабай емес - Қарағайлы деген көл екен. Осыдан 1830-1840 жылдардың өзінде Қарағайлы деп аталған. Ал оның жанындағы Щебачье деген көліміз, қағаз-құжаттарда тұр - Көкшетаудың Шалқары деп аталған. Ал Щучье көлі ол кезде Шортан атаныпты» - дейді өлкетанушы.

СҚО-ның, Омбының және Алматыдағы орталық мемлекеттік архивтерін қопарған Зарқын Тайшыбай жер-су атауларына байланысты басқа да көптеген қызықты деректерді тауып отыр.

«Жер-су атаулары халықтың айналысқан кәсібіне де байланысты туады. Қой көп өсірген екен сол кезде, қой, қозымен байланысты атаулар осы жердің экономикасының тарихына жетелейді. Бір қызығы, осы Қазақстанның солтүстігінде түйе көп болған. Сол түйенің атына байланысты, Түйелісай, Түйеқырған, Боталы, Ақтүйе, Ақбура, Көкбура тағы сол сияқты атаулар көп.

Тағы бір ескеретін жайт, кендір деген өсімдік бар ғой. Сол кендірге байланысты атаулардың көптігіне назар аудардым. Қыстаулардың атаулары, бұрын қазақтар жерді қазып, орыстың үлгісі ме, одан ертеректе болған, содан үй істеген екен. Және оны қазған деп емес тескен деп атаған, соған байланысты Қасентескен, Омартескен деген сияқты жер атаулары кездеседі», - деді ол.

Оның айтуынша, қазақы атаулар 1752 жылы бекініс салынғаннан кейін өзгертіле бастаған. Тіпті, бұл жайында құжат та табылыпты. «Бұларды тезірек игеру үшін өзгертіп отыру керек. Мысалы, Ақкөл болса, оны Белое деп өзгерту, Қаракөлді Черное деп жазыңыз деген сияқты. Орысша атаулардың да тарихы қызық. Олар тағдыр айдап сырттан көшіп келген халық қой. Содан тілеу тілеп, қонысымыз құтты болсын деп деревняларын шіркеумен, дінмен қатыстырып қойған. Мысалы, Явленка атауы Богоявленное, Совет Үкіметі кезінде «бого»-сын алып тастаған. Сергеевка деген де Сергей емес, қасиетті Сергий, Николаевка деген де сол сияқты әулие Николайдың атына қойылғанын анықтадым. Келген уақытына байланысты да сол кездегі мерекелерге қатыстырып ел-су аттарын қойған», - дейді қызықты мағлұматпен бөліскен өлкетанушы.

«Атамекен атаулары» өте аз тиражбен шыққан. Сол себепті көпшілік оқырманға жеткен жоқ. «Бұл - халық үшін, ел үшін істелініп жатыр. Қаржы табылып жатса, сөздік те шығарар едім, өңір тарихынан сыр шертер интернет-портал да ашуға болады», - дейді сөзін қорытындылаған Зарқын Тайшыбай.

Соңғы жаңалықтар