Бір жылда өңір экономикасына 2,5 млрд. АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тартылды

None
АҚТАУ. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Өткен жылдың қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы инвестициялар көлемі жөнінен Маңғыстау облысы республикада 2 орынға шықты (облыста 724 мың теңге, ал орташа республикалық көрсеткіш 243,3 теңге).
Соңғы екі жыл ішінде «Fitch» халықаралық рейтинг агенттігі облыстың инвестициялық рейтингін үш мәрте көтерді. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев депутаттар алдында берген есебі кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Арнайы экономикалық аймақтар өздерінің тиімділігін әлдеқашан дәлелдегені белгілі. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы құрылғалы бері қысқа уақыт ішінде оған 9 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды, көлемі 50 млрд. теңгеге жуық өнім өндірілді, 1 мың 160 жұмыс орны ашылды. Инвесторлардың қызметінен мемлекеттік бюджетке түрлі салықтар мен алымдар түрінде 6 млрд. теңге кіріс келді. Өткен жылы жоспарда болған барлық жұмыстар атқарылды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 28 қарашадағы Жарлығымен арнайы экономикалық аймақтың аумағы 2000 гектарға дейін кеңейтіліп, мерзімі 2028 жылға дейін ұзартылды. Қазіргі уақытта Арнайы экономикалық аймақ ережесіне сәйкес, республикалық бюджет есебінен қажетті инженерлік және көлік инфрақұрылымы салына бастаса, 9 компания 2009 жылы мақұлданған жобаларын қаржыландыруға және құрылысқа кірісуге дайындығын мәлімдеді. Қаперлеріңізге салайын ? арнайы аймақтың эксперттік кеңесімен іске асуға 17 жоба мақұлданды. Жақын арада облыста іс-сапармен болған кезінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осы мәселеге байланысты нақты тапсырма берді. (Бірінші кезеңде 1,4 млрд. теңге бөлінетін болды). Құрық теңіз порты мен жұмысшылар кентін дамытудың Бас жоспары жасалып, оны іске асыру жұмыстары басталып кетті. Жұмысшылар кентін дамытуға арналған барлық 10 әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр: 1200 орындық орта мектептің, село ішіндегі су құбырларының, резервуар мен су бөлуге арналған сорғы стансасының құрылысы аяқталды. Төрт 12 пәтерлік тұрғын үй бой көтерді. Биыл тәулігіне 250 адам қабылдайтын емхананың, 280 орындық балабақшаның, сондай-ақ «Ақтау-Құрық» су құбыры мен тазалау құрылғыларына арналған кәріз желілері коллекторының құрылысы аяқталмақ. Орта қысымды газ құбыры мен электр қуатының желілері жүргізіле басталды. Бұл нысандардың құрылысы алдағы жылы аяқталады деп жоспарланған. Осылайша, жұмысшылар кенті теңіз порты мен жағалау инфрақұрылымының алғашқы нысандарының құрылысын бастауға іс жүзінде даяр болмақ.Биылғы жылы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы транскаспий мұнай құбыры жүйесі құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін жасауға кірісті. Бұл жоспарда «Ескене-Құрық» мұнай құбырының құрылысы, Құрықта мұнай құю терминалы мен танкерлік флот құру жобалары да бар.Облыс әкімдігі мұнайгаз секторы мен құрылыс саласы жобаларында Қазақстан мен жергілікті жердің үлесін айтарлықтай арттыруды көздейтін шаралар кешенін қабылдады. Осы мақсатта кен игеруші компаниялармен арнайы басқосу өткізіліп, тиісті министрліктер және «ҚазМұнайГаз» ҰК-мен меморандумға қол қойылды. Мысалға, өткен 2008 жылы облыстағы құрылыс саласындағы мердігерлік жұмыстардың 94 пайызын жергілікті компаниялар атқарған. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасында осы бағытқа жауапты басқарма бастығының орынбасары қызметі енгізіліп, арнайы бөлім құрылды. «Бейнеу-Ақтау» автожолын қайта салу жобасы 2009-2011 жылдарға арналған Концессиялық нысандар санатына енгізілді. Аталған санат «Қазақстанның мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі» АҚ сараптамасынан кейін күшіне енеді. «Ақтау-Құрық» автожолын жөндеу жұмыстары басталды. «Жетібай-Жаңаөзен-Түрікменстан шекарасы» автожолын қайта салу жобасы Қазақстан Республикасының автожолдар саласын дамыту бағдарламасына енгізілді. Жобаның жобалық-сметалық құжаттамаларын дайындауға 2009 жылғы республикалық бюджеттен 350 млн. теңге қарастырылды.«Солтүстік-Оңтүстік» транзиттік дәлізінің маңызды учаскелерінің бірі - «Өзен-Түрікменстанмен мемлекеттік шекара» теміржол желісі құрылысын жүзеге асыру мақсатында Көлік және коммуникация министрлігі жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындап, жобалық-сметалық құжаттамалары даярлана бастады. Жобаны жүзеге асыруды бастау үшін 2009 жылғы республикалық бюджеттен 1 млрд. 100 млн. теңге бөлінді. «Ералиев-Құрық» теміржол учаскесін салу жобасын іске асыру басталды. Жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, мердігер компания анықталып, қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, құрылыс жүргізілетін жер телімдері анықталып, бөлінді. «Жезқазған-Бейнеу» темір жолын концессиялық келісім негізінде жүргізу жоспарланды. Қазір бұл жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне қажетті түзетулер енгізілуде. 2009-2011 жылдарға арналған Концессиялық жобалар тізіміне облыс орталығындағы теміржол және автомобиль вокзалдарының құрылысы да енгізілген, нысандардың техникалық-экономикалық негіздемесі дайын болды», деді облыс әкімі.