Бір жылдан кейін Иран атом бомбасына ие болады - АҚШ

АСТАНА. Тамыздың 21-і. ҚазАқпарат - Тегранға ядролық материалдарды атом бомбасына айналдыруға ең кем дегенде тағы бір жыл уақыт керек. АҚШ президентінің ядролық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Гари Сэймор осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ВВС радиостансасы.

Ирандық тараптың бұл мәлімдемеге қатысты көзқарасы әзірге белгісіз. Дегенмен, Иранның Атом энергиясы жөніндегі ұйымының басшысы Әли Акбар Салехи осының алдындағы мәлімдемесінде, «Бушер» атом-электр стансасының реакторына ядролық отын жеткізу міндетін Ресейдің өз мойнына алуына байланысты, уранды байытуды тоқтатуға шақырған Ақ үйдің үндеуіне Иранның құлақ аса қоюы екіталай екенін мәлім еткен еді.

Әли Акбар Салехи мырза Ислам Революциясының көсемі аятолла Әли Хосейни Хаменеиге сілтеме жасап, иран халқының атомдық электр стансаларын салуға және елдің ішкі сұранысы үшін ядролық отын өндіруге құқылы екенін баса атап көрсетті.

Ол сондай-ақ, Иранның ядролық бағдарламаны жалғастыруына қатысты тағы бір дәйек келдірді. Оның айтуынша, «Бушер» стансасының қызмет мерзімі 60 жылды құрайды. Қазіргі таңда Иран Ресейден алдағы 10 жыл бойы ғана отын ала алады. Осы себепті Иран өкіметі қалған уақыттың ресурсы стансаның жұмысына жеткіліксіз болады деп алаңдаушылық білдіруде.

Ал АҚШ пен БҰҰ-ның Тегранға қатысты саясаты әзірге санкцияларды қатайтумен шектеліп отыр. Дегенмен, осының алдында ғана АҚШ Штаб басшылары бірлескен комитетінің басшысы адмирал Майк Маллен, АҚШ-тың Иранға қарсы әскери іс-қимылдар жоспарын әзірлегенін мәлім еткен болатын. Бірақ та, адмирал Иранға шабуыл жасау - «жақсы идея» емес екенін де айтып отыр.