12:06, 18 Сәуір 2009
Біраз жыл ішінде бұрынғы жазық даладағы елорданы орманды қалаға айналдыруға болады ? А. Смайыл
АСТАНА. Сәуірдің 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Біраз жыл ішінде бұрынғы жазық даладағы елорданы орманды қалаға айналдыруға болады.
Бүгін елордадағы жалпы қалалық сенбілікке қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осылай деді.
«Жалпы Ақмола жерін ағаш өсіруге қолайсыз деп те айтып жататындар бар. Бұған қарсы менің қолымда бірқатар деректер сақтаулы. Мәселен, 1925 жылдардың өзінде осы өңірді көгалдандыруға қатысты үлкен бағдарлама жасалған. Ол бағдарлама бойынша Ленинградтан арнайы ғалымдар мен мамандар тартылып, біршама жұмыстар атқарылыпты. Сол ғалымдар Ақмола өңіріне, бүгінгі елорданың аумағына қандай ағаштарды отырғызуға болады, топырақтың құнары қандай деген мәселе бойынша зерттеу жүргізген, қалдырған жазбалары баршылық. Соған сүйенсек, жалпы Астана жерінің ерекшелігі - бұнда отырғызылған ағаш тамыры оншақты метр тереңдікке жеткеннен кейін, сорлы-тұзды суға жетіп, ағаштар өле бастайды. Осыған орай бұрынғы ғалымдар осы жерге өсуге бейім ағаштарды сұрыптаған. Осы жер үшін ағаштарды әуелі Қызылжар көшеттігінде жерсіндіріп, бірте-бірте қалаға таратқан. Бұл жерге көбіне көктерек пен қарағаштың ерекше түрі бейім болыпты. Осы мәселелерді одан сайын дамытып, Елбасының елорданы жасыл желекке орандыру туралы бастамасын толық жүргізуге тиіспіз», деді депутат А. Смайыл.
Оның айтуынша, көпшілік бұқара бірігіп атқарса, Астана орманды жасыл қалаға айналуы да шапшаңдай түседі.