«Біреудің меншігіне көз сүзетіндердің күдері үзілді» -республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 13 қаңтар, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Айқын» басылымының бүгін шыққан апталық нөмірінде «Алқызыл алау Алматыға жетті» деген тақырыппен мақала басылды. Мақалада 11 қаңтарда Әл-Куәйт қаласында тұтандырылған VІІ қысқы Азия ойындарының алауы кеше, 12 қаңтарда Алматыға жеткізілгені баяндалады. «Кеше алқызыл алау Алматыға жетті. Тарихи оқиғаның куәсі болу үшін осы сала басшылары мен ма­мандары, атақты спортшылар, БАҚ өкілдері және жанкүйерлер әуежайға көптеп жиналды. Ал­ғаш­қы болып сөз алған қала әкімі Ахметжан Есімов барша қазақ­стан­дықтарға құттықтау сөзін арнап, спорт саласын дамыту мақсатында мемлекет басшысы тарапынан жүзеге асып отырған игі шаралар жайында әңгімеледі. Бірер уақыт әуежайда тұрақтаған алау көп ұзамай қала көшелерін кезіп кетті», - делінген онда. Басылымның жазуынша, алаугерлер қатарынан атақты спортшылармен қатар, мемлекет және қоғам қай­раткер­лері, әйгілі әншілер және басқа да сала мамандары болды. Жалпы, алауды алып жүру құрметіне республикамыздың 1020 азаматы ие болды. Олардың арасында 80 адам Алматының, 100 адам Астананың тұрғындары бол­са, әр аймақтан 60 адамнан ірік­тел­ініп алынды.

«Қоян жылы құт әкелгей». «Айқын» газетінде осындай тақырыппен басылған мақалағаҮкіметтің ағымдағы жылғы алғашқы отырысында талқыланған елдің азық-түліктік қауіпсіздігіне қатысты мәселе арқау болған. Мақалада атап көрсетілгеніндей, отырыста қобалжыған көңілдерді сабасына түсірердей маңызды мәлімдеме жасалды. «Үкіметбасыға баяндаған Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Кү­рішбаев қолда бар «астық көлемі елдің нанға деген ішкі қажеттілігін қам­тамасыз етуге толық жеткілікті» екен­дігіне сендірді. Министрдің ай­туынша, қор тіпті кейбір қазақ ас­тығына күні қараған жатжұрттардың жандарын аш қалдырмауға да жетіп қалуы керек. «Ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша республикада 9,3 миллион тонна ас­тық бар, - деді Ақылбек Күрішбаев. - Оның 2,6 миллион тоннасы - тұ­рақ­тандыру қорының астығы, ол қол қойылған меморандумдар бойынша, бекітілген бағамен сатылады. Аталған астық ауқымы, жаңа ору науқанына де­йін, елдің нанға деген ішкі қажет­ті­лігін толық қамтамасыз етуге және экс­порттық нарықтарға ертеректе жос­парланған көлемдерде жеткізуге жеткілікті» деп нықтады АШМ бас­шысы», - делінген мақалада.

***

Ал «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Астанадағы зиратты ұлттық қабірстанға айналдыру қажет» деген мақала жарияланды. Парламент депутаттары көтерген мәселе төңірегінде сөз қозғаған басылым тілшісінің жазуынша, тәуелсіздігіміз 20-ға толған тұста Алаштың арда қайраткері Смағұл Сәдуақасұлының сүйек күлін туған топырағына әкеліп, жер қойнына тапсыру мәселесі жиі айтылып жүр. Ұлт қайраткерінің туғанына 110- жыл, өмірден озғанынан 77 жыл толуы қарсаңында Мәскеудің «Донское кладбищесінде» сақталып келген С.Сәдуақасұлының денесінің күлін туған елге әкеліп, мұсылман ғұрпымен жерлеу рәсімін жүзеге асыру, сөзсіз, Тәуелсіздік тарихындағы зор оқиғалар қатарынан саналмақ. Автордың жазуынша, депутаттар сонымен қатар елорда орталығындағы бес ғасырлық тарихы бола тұра, қараусыз қалған қорымды ұлттық пантеонға айналдыру мәселесін көтерген. Бұл жайында толық білгіңіз келсе, газеттің бүгінгі нөміріне көз жіберіңіз.

Сондай-ақ аталмыш басылым бүгінгі нөмірінде санында «Біреудің меншігіне көз сүзетіндердің күдері үзілді» деген тақырыппен мақала басты. Онда Мемлекет басшысының «Бизнес пен меншікті заңсыз басып алуға (рейдерлік) қарсы күрес мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойғандығы айтылады. Аталмыш құжат біреудің иелігіндегі меншікті заңсыз басып алу әрекетіне қарсы бағыттылады. Яғни осымен елімізде кеңінен тараған рейдерлік әрекеттерге тоқтам салатын уақыт жеткен сияқты. Мақалада бұл мәселе жан-жақты әрі терең талданған.

***

«Казахстанская правда» газеті бүгінгі санында «Тарифы впрок, а не в карман» атты мақала жариялады. Мақалада кеше өткен Табиғи монополияарды реттеу агенттігінің 2010 жылдың қорытындыларына арналған кеңейтілген алқа мәжілісінде көтерілген мәселелер баяндалады. Автордың жазуынша, отырыста Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов елдегі коммуналдық төлемдермен байланысты проблемалардың барлығы тариф бағасының өсуіне емес, энергияны үнемдей алмауға байланысты болып отырғандығын айтқан. Ал энергияны үнемді пайдаланып, қуат көздерін жөндеу мен қайта жаңартуды қалайша жүзеге асыруға болады?. Бұл сауалдың жауабын жоғарыдағы мақаладан таба аласыз.