ОРАЛ. 7 қазан. ҚазАқпарат - 1 қазан күні Орал қаласы аумағындағы «Автодорожник» саяжай қоғамында кеуде тұсынан пышақ сұғылған 26 жасар Н. деген азаматшаның мүрдесі табылды.
БҚО ішкі істер департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Арман Әлмұқановтың айтуынша, әйелмен бірге тұратын 1980 жылғы О. деген азаматтың осы қылмысқа тікелей қатысы бары анықталды. Олар бірнеше адам болып бірігіп арақ ішкен. Сол «мейрам» үстінде О. әйелді қызғанып, онымен сөзге келіп, пышақ сұғып алған. Таңертең ғана әйелдің өліп тынғанын аңғарып, өзі әжетханаға барып, асылып қалған.
Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).