Birgemiz: Қапшағайда 81 мұқтаж отбасына азық-түлік таратылды

ҚАПШАҒАЙ. ҚазАқпарат - Алматы облысында «Біз біргеміз» акциясына үлес қосуға ынталы адамдар қатары көбеюде. Әсіресе, меценаттар мен қоғамдық ұйымдар тарапынан әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қол ұшын созудың жақсы үрдісі қалыптасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қайырымдылық ақциясына Қапшағай қаласының кәсіпкерлері де үлес қосып жатыр. Бұған дейін ынталы топ қаладағы 342 отбасына тегін азық-түлік таратқан екен.

Ал күні кеше қалалық кәсіпкерлік бөлімі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, «Nur Otan» партиясының Қапшағай қалалық филиалы мен еріктілер бірігіп, «Біз біргеміз» акциясына тағы үн қосты. Шара барысында бір күн ішінде 81 отбасына әлеуметтік азық-түлік пакеті берілген.

Мұндай көмекті ең алдымен аз қамтылған әулеттер, мүгедектер, жалғызбасты қариялар мен көп балалы отбасылар алып жатыр.

Алакөл ауданының кәсіпкерлері де коронавирус індетін жедел анықтауға арналған тест алып берді. «Белгібаев» ЖК басшысы Нұрлан Белгібаев 60 тесті аудан әкімінің қолына табыстады.

Осыған дейін де ол Алакөл ауданының тұрғындарына дене қызуын өлшеуге арналған 30 пирометрді сыйға тартқан болатын.