«Біргеміз, саулық» жобасы аясында 1 258 волонтер дәрігерлерге көмек көрсетіп жүр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Біргеміз, саулық» жобасы аясында 1 258 волонтер дәрігерлерге көмек көрсетіп жүр. Бұл туралы «Саулық» жалпыұлттық жобасының амбассадоры Арман Қасымов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2008 жылдан бері Атырау облыстық жедел жәрдем медициналық стансасында ерікті болып қызмет атқарып келемін. 2008 жылы бұл жерге волонтер болып баруға көптеген себеп болды. Соның бірі - өз қаламның, облыстың тұрғындарына көмек көрсету, облыстық және қаламыздың жедел жәрдем стансасы жұмысын жақсартуға үлес қосу болды. Бұл жерде келгенмен медициналық білімім жоқ. Яғни, дәрігерлердің тек қана медициналық білім қажет етпейтін тапсырмаларын орындап жүрдім. Мысалы, құжаттар толтыру, санитарлық көліктің ішін жуып-тазалау, дөңгелегін ауыстыру сияқты қарапайым тапсырмаларды орындадық. Сол кезде «істеп жатқан жұмысымыз медицина бригадаларына көмекке мұқтаж болып жатқан қала тұрғындарына 1 минут уақыт ертерек барса, біз үшін өте үлкен қуаныш» санадық. Ал медицина саласында 1 минут уақыттың алар орны ерекше. 2008 жылдан бері көп жұмыс істелді. Волонтерлер саны да артты. Сол жылы жалғыз волонтер болсам, содан бері адамдар саны көбейді»,- деді ол Волонтерлік қызметті дамыту жөніндегі халықаралық онлайн конференция барысында.

Оның айтуынша, Волонтерлер жылы аясында «Біргеміз» бағдарламасының «Біргеміз, саулық» жобасы іске асырылды. Жоба аясында Алматы, Қызылорда, Петропавл қалаларында еріктілерге көмектесу және кеңес беру орталықтары құрылды. Сонымен қатар республиканың 14 облысында волентерлерге көмек көрсету және кеңес беру кеңселері ашылды.

«Жыл бойы қатарымызға көптеген азамат қосылды. Дәл қазір «Біргеміз, саулық» жобасы аясында 1 258 адам қызмет атқарады. Індет кезінде көптеген жұмыс істелді. Оның ішінде ең қиыны волонтерлеріміз провизорлық стационарларда жұмыс істеді. Ауыр өттегі балондарын көтерді және дәрігерлер мен медбикелерге қажетті көмек көрсетті. Волонтерлердің тағы бір тобы дәрігерлердің үйлерінде қалған балаларына қамқорлық жасады. Сонымен қатар еріктілеріміз республика тұрғындарына кеңес беру жұмысымен де айналысты», - деді Арман Қасымов.